Жаһандық өзгерістер жағдайында мемлекеттік жүйенің тұрақтылығын арттыруға бағытталған сессия өтті
Астанада өткен «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог. Келешекке бағдар» сараптамалық алаңы аясында білім беру, инновациялар және цифрлық құқықтар мәселелеріне арналған екінші панельдік сессия өтті. Сессия модераторы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов болды.

Қатысушылар конституциялық реформаның адами капиталды, ғылымды, инновацияларды және цифрлық ортаны дамытуға ықпалын талқылады.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев жаңа Конституция жобасында мемлекеттің және білім беру жүйесінің зайырлы сипатын бекітудің маңызын атап өтті.
– Бұл ережелер ар-ождан бостандығы мен зайырлы мемлекет қағидаты арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, дінді саясаттандырудың алдын алуға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған, – деді ол.

Maqsut Narikbayev University профессоры Марат Ахмади қазіргі жағдайда адами капитал басты стратегиялық ресурсқа айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, ғылымды, білім беруді және инновацияларды дамыту басымдықтарын Конституция деңгейінде бекіту Қазақстанның білім экономикасына көшуіне институционалдық негіз қалыптастырады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек технологиялық серпіліс жаңа теңгерімсіздіктер туғызғанын атап өтті.
– Инновациялар, адами капитал, білім мен ғылым мәселелерінің жаңа Конституцияның стратегиялық басымдықтары мен базалық құндылықтары ретінде қарастырылып отырғаны мен үшін үлкен қуаныш, – деді министр.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жаңа Конституция жобасы адам мен бала құқықтарын
қорғау жүйесін күшейтетінін айтты.
– Құжатта отбасыны, ана мен баланы қолдаудың қосымша кепілдіктері бекітіліп, мемлекеттік саясаттың адамға бағытталған сипаты айқын көрсетіледі, – деді ол.

Bilim Group негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы XXI ғасырда қоғам дамуының негізгі факторы оның интеллектуалдық әлеуеті екенін атап өтті.
– Білім, ғылым және инновацияларды дамыту білім қоғамының негізін қалыптастырып, тұрақты экономикалық өсудің басты көзіне айналады, – деді ол.

Саясаттанушы Эдуард Полетаев Конституция тек құқықтық емес, сонымен қатар мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына құндылықтық бағдар беретін стратегиялық функция атқаратынын айтты.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа Конституция Қазақстанның әрі қарайғы дамуының институционалдық және құндылықтық негіздерін қалыптастырып, адам құқықтарын нығайтуға, білім қоғамын дамытуға және жаһандық өзгерістер жағдайында мемлекеттік жүйенің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

