Жаңаарқаның қарбызы
Неше күннен бері өз өніміміз ел аузында. Тұтынушылардың оның дәмдік сапасына берген бағасы жоғары-ақ. Лайым да солай бола бергей!
Табиғат-ананың төсінде маңдайынан тері сорғалап еңбек етіп жүрген жандарды көру де ғанибет қой?! «Жақсыны — көрмекке» демекші, қарбызды алқаптың тіршілігін көзбен көруді мақсат еткен соң, алқапқа барғанды жөн көрдім.
Ертемен бақшашы Сержан Түсіпбековке қоңырау шалып ем, алқап жаққа жиналып жатыр екен. Содан қарбыз егудің қыр-сыры мен құпиясына мен де қарық болайын деп, алқапқа қарай тарттық.
Аудан орталығынан екі шақырымдай қашықтықтағы жайқалған алқапқа жақындағаннан-ақ иісі де, маңдай тер сіңген еңбектің көрінісі де адамды ерекше шаттыққа бөлейді екен. Сонадайдан дөңкиіп жатқан қарала қарбыздар көз жауын алады.
Кәсіп иесі Сержан Түсіпбековтің бұл шаруаны дөңгелетіп әкетуінің де жөні бар. Себебі, Сержан бала күнінен бақша егудің қыр-сырын игеріп, еңбекке ерте араласқан. Бүгінде бақша егуді кәсіп етіп, отбасының нәпақасын тауып отыр.
— Міне, өзіңіз көргендей, 2 гектар жерге қарбыз ектік. Өнімнің пісер, ауызға түсер уақытын күткендер де, «әй, осың шықпас» деген жандар да болды. Аллаға шүкір, жер несібесін берді. Өнімдердің алдын жинап, тұрғындарға сатып жатқан жайымыз бар. Осы қарбыздар отбасымыздың күшімен егіліп, суарылды. Бақша егу оңай шаруа емес, дегенмен бұл кәсіпке де бейімделіп кеттік.
Өнімді жақсы алу үшін жақсы күтім қажет екенін білесіз. Сондықтан ала таңнан отбасымызбен бақшаның басындамыз, — дейді бақшашы.
Қарбызды кәсіп еткен қарапайым отбасының кәсібін дөңгелетуге, еңбекқор жанның бағбандықпен айналысуына аудан әкімдігі қолдау көрсетіп, еңбек адамын бір көтеріп тастағаны қуантады.
Шаруаның айтуынша, қарбыз дақылы күннің мол төгілген сәулесін, тың жерді, ерекше қол күтімін, жүрек жылуын жақсы көреді. Жадыраған жаздың ортасында-ақ өнімді үйіп-төгіп береді. Тек пайдакүнемділікке, ашкөздікке салынып, оған неше түрлі химиялық қоспаларды қоспаған абзал. Пендеге тән тазалық пен адалдық нақ осы кәсіпте де аса қажет-ақ, — дейді бақшашы Сержан.
Сержанмен әңгіме барысында қарбыздың бүйрекке пайдалы екендігін алға тартып, «бүйрегіміз ауырмайтын болды» деп қоямын.))
Иә, бақшасын сала жүріп, қыстық мал азығын да әзірлеп жүрген шаруаға мығым Сержан болашақта кәсібін кеңейткісі келетінін айтады. Әр нәрсені байыппен бағдарлайтын Сержан отбасы тәрбиесіне де ерекше мән береді. Құдай қосқан қосағы Қызғалдақ екеуі берекелі шаңырақта 2 ұл, 5 қыз өсіріп, тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Қасиетті қара жердің төсінен, ақ адал маңдай терімен нәпақасын тауып жатқан еңбекқор отбасының бұл істері өзгелерге үлгі.
Еңбек етпегенге несібе қайдан болсын? Негізі талпынған адамды жер-ана да құралақан қалдырмайды. Жер байлығын ырысқа айналдырып отырған Сержан секілді бағбанның қарасы көп болғай!
Дәмі тіл үйірер қарбызға ауыл да, қала да қарық болсын! Алла ісіңе береке берсін!, — деп, бағбанмен жылы қоштасып, қайта ауылға бет алдық.
Нұргүл ШАМАЕВА