ЖАҢА ЖОЛДАУ – ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған дəстүрлі Жолдауын жария етті. «Əділетті Қазақстан: заң мен тəртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбы телінген жылдың басты құжаты елдің болашағына бей-жай қарамайтын қалың қауымның көңіліне айтарлықтай деңгейде қонымды болды. Себебі, Президент ұстанымы сөздің шынайы мағынасында қарапайым халықтың талап-тілегімен астасып жатты. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда, жаңа Жолдау жалпы қоғамды толғандыратын жайттарды еңсеру бағытын айқындап берді деп тұжырым жасауға толыққанды негіз бар.
Мемлекет басшысы елдің одан əрі кемелдене түсуі үшін қажеттілігі зор стратегиялық бағыттарды «жіктеп-жіліктеп» берді. Қаржы-несие саясаты мен фискалды саясаттың өзара үйлесімді болуы, инвестициялық ахуалды жақсарту мен кəсіпті оңтайлы жүргізу мүмкіндіктерін кеңейте түсу, өнеркəсіптің əлеуетін мейлінше тиімді пайдалану, инфрақұрылымдар бойынша күрделі проблемалардың түйінін тарқату, кадр саясатына жете мəн беру, ұлт саулығын нығайтуды көздейтін шараларға пəрменді түрде кірісу, əлеуметтік қолдау жүйесіне жаңаша сипат беру, экологиялық ахуалды ұдайы бақылауда ұстау жəне жағымды арнаға түсіру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ, заң мен тəртіптің үстемдігін қалыптастыру жайы – солардың қатарында.
Жолдауда ел тұрғындарын алаңдататын əлеуметтік мəселелерге айрықша назар аударылды.Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы спорттың бұқаралық сипатты иеленуі маңызды екеніне ерекше екпін беріп,оны одан əрі ауқымды ете түсуге қатысты міндеттер жүктеді.
Бүгінгі таңда елдің экономикалық қуатын кез-келген бəсекелі ортада ешкімге дес бермейтіндей деңгейге жеткізу үшін алғашқы кезекте білікті мамандармен қамтамасыз ету мəселесі өзекті болып тұрғаны белгілі. Осы ретте, əсіресе, су саласы мамандары, құрылысшылар, энергетиктер мен ветеринарлардың жетіспеушілігі сезіледі. Бұлардан тысқары, келешекте өткір сұранысқа ие болуы бек мүмкін мамандықтар бойынша кадрлар даярлау жайы да үнемі есте болуы тиіс. Міне, осынау олқылықты ескере отырып, Мемлекет басшысы Үкімет пен əкімдердің алдына кадрлық əлеуетті мақсатты əрі жоспарлы негізде нығайта түсуге қатысты айтарлықтай ауқымды міндеттер жүктеді.
Жолдаудағы айрықша атап өтуге лайықты жайттың бірі Президенттің алдағы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы болды. Осынау жағымды жаңалықтың қарапайым жұмысшылар қауымын қуанышқа кенелткені, оған қоса, өскелең жас буынның еңбекке құштарлығын арттыруға дəнекерлік етері – күмəн тудырмас ақиқат.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел мен жердің ертеңі үшін ерекше маңызға ие мəселе – Атом электр станциясын салу тақырыбына тереңірек тоқталып, 6 қазан күні соған қатысты Жалпыұлттық референдум өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоятынын мəлімдеді. Əрине, бұған қатысты салиқалы ұстанымды алға оздыра отырып, түбегейлі шешім қабылдау – Қазақстан халқының өз еншісіндегі іс.
Бүгінгі күні бүкіл əлемдегі секілді Қазақ елі де ілгері басу мақсатымен түбегейлі өзгерістер жолына түскені баршаға жақсы мəлім. Сынағы мол сындарлы кезеңде біздің мемлекетіміз дамудың жаңа да дара бағытын түпкі межеге іркіліссіз жету жолы ретінде айқындап, сенімді қадамдар жасап келеді. Бұл жол – Президент атап өткендей, Əділетті, Таза жəне Қауіпсіз Қазақстан құру жолы. Осынау бағыттан таймайтын болсақ, Заң мен тəртіп шынайы үстемдік құрып, бірлігі мен ынтымағы мызғымайтын біртұтас ұлтқа айналуға тиіспіз. Бұған Мемлекет басшысының Жолдауындағы тың бастамалар мен мерейлі міндеттердің мерзімінде əрі мінсіз орындалуы кепіл болары күмəнсіз.
Түйіп айтқанда, жаңа Жолдау – жасампаздық жолы. Оның əр тарауына сергек қарап, серпінді түрде жүзеге асырылуына мүдделі болу – əрқайсымыз үшін қастерлі борыш!
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
Ұлытау аудандық мəслихатының төрағасы,
«AMANAT»партиясы Ұлытау облыстық филиалы Саяси кеңесінің Бюро мүшесі,
партияның аудандық филиалының төрағасы.