Жаңа облыстың құрылуы – тарихи әділдік
Былтыр, 16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көптің көкейіндегі ойды дөп басқан ұсыныс жариялады. Яғни, аумалы-төкпелі заманда жабылып қалған үш облысты қайта қалпына келтіріп, Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарын құру бастамасы. Президент тапсырмасы негізінде тиісті сараптамалар жүргізіліп, қажет құжаттар әзірленді. Осылайша, 2022 жылдың 4 мамырында Президент «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойып, 8 маусымда Ұлытау облысы құрылды.
«Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз», — деген еді Президент Қазақстан халқына арнаған жолдауында.
Қазақстанның саяси-әкімшілік картасында жаңа облыстардың пайда болуына дәл сол аймақтарда тұратын халық қана емес, белгілі қоғам қайраткерлері мен сарапшылар да қызу қолдау білдірді. Иә, екінші тынысы ашылған аймақтарда халық саны аз шығар, бірақ, бұл өңірді дамытуға кедергі болмауы керек. Керсінше, бұл жерді мекендеген жұрт жердің шалғайлығына байланысты жаппай қоныс аударғанды. Ал, облыстың құрылуы кезінде көшіп кеткен елдің кері қайтуына, халық санының өсуіне ықпал етеді. Ең маңызды тұсы – әлеуметтік инфрақұрылым дамып, тұрғындардың әл-ауқаты да жақсара түспек.
«Біз – әлемдік ондыққа кіретін, ұлан-байтақ аймақтың иесіміз. Ұшса құс қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы талатын байтақ даламызда бүгін үлкен жаңалық болды. Президент бұрынғы Жезқазған облысының негізінде Ұлытау облысын құруды, бұрынғы Семей облысының негізінде Абай облысын құруды және Қапшағай қаласының негізінде Жетісу облысын құруды қуанышпенен хабарлады. Расымен де халқымыз көптен күткен керемет қуаныш болды деп ойлаймын. Өйткені үш облысты қайтадан жаңадан ашу осы аймақтардағы халықтың, еліміздің, қаншама елді мекендердің экономикалық жағдайының өсуіне, әлеуметтік жағдайының көтерілуіне, тіпті керек десеңіз, ұлттық намысының биіктеуіне, ұлттық рухының асқақтауына үлкен серпін берді. Бұрын халық Жезқазғанның Ұлытауынан Астанаға келуі үшін я болмаса Қарағандыдан облыс орталығына келу үшін 500-700 шақырым жер жүріп келетін. Ал ендігі уақытта олар іргесіндегі Ұлытау облысының орталығына барып, өзінің түрлі жағдайларын алысқа шапқыламай-ақ шеше беретін болады.
Семей облысы да солай. Қарап отырсақ, Ұлытау, Абай, Жетісу облысы деген атауларды беруі де тегін емес. Ұлытау – Алаш баласының үлкен келелі жиында мемлекеттік, ұлттық, елдік мәселелерді көтерген қасиетті жері, қазақ халқының тарихи сахнасында үлкен орталыққа айналған біздің қасиетті талбесігіміз, қазақ хандарын ақ киізге отырғызып, хан сайлаған, бүкіл ұлттың ұйысқан жері, ұлттың тұғыры, алтын бесігі. Сол Ұлытауды облыс атауына беруі еңсемізді көтеретін, ұлттық, тарихи санамызды жаңғыртатын үлкен қадам болды», — деген еді бұл жаңалықты қуана қабыл алған ақын Аманжол Әлтаев.
Иә, тарихи әділдік орнатқан шешімнің қабылданғанына бір жыл толды. Аз уақыт әрине. Десек те, осы аралықта ауқымды жұмыстар атқарылғанын да атап өткен жөн. Жаңа жұмыс орындары ашылып, инфестиция тарту шаралары қабылданды. Облыс орталығында көшелерді абаттандыру, инфрақұрылымды жаңарту және тұрғын үйлер салу жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа облыстың өндірістік салада да, турзим саласы бойынша әлеуеті зор. Бұл бағытта атқарылар жұмыс ауқымды. Қазіргі таңда аймақ басшылығы Мемлекет басшысының облысты дамытуға бағытталған тапсырмаларын орындау үстінде.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ