Жаңа оқу жылына дайындықты жан-жақты күшейтуді тапсырды

Жаңа оқу жылында Ұлытау облысына қарасты екі мектепте ауыз суға қатысты мәселе бар, себебі Ақтай және Кенжебай Самай елдімекендеріне тіршілік көзі жеткізілмеген. Ол жайында бүгін Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен аппарат жиынында айтылды. Өңір басшысы бұл ретте қос мектепке ауыз суды жеткізу шараларын қарастыруды, алдағы уақытта су мәселесін ауыл бойынша шешуді тапсырды.

Атап айтар болсақ, білім ошақтарының жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуы, оқушыларды тегін тасымалдау, оқулықтармен жеткілікті түрде қамтамасыз ету, ас мәзірін реттеу, қазандықтардың көмір қорымен жеткілікті болуы, ауыл мектептерін заманауи стандарттар бойынша жаңғырту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету өзекті.

Ұлытау облыстық білім басқармасының басшысы С.Төлекованың баяндауынша биыл облыстағы бір колледж, екі мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Жезқазған қаласындағы №7 мектеп-лицейі жаңа оқу жылына дейін ішкі жұмыстарды толық аяқтап, сыртқы жұмыстарды қыркүйек айында да жалғастырмақ. Сонымен қатар, алты ББҰ-ның ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды.

Жиында белгілі болғандай, 2023-2024 оқу жылына арналған көмірдің қоры 16 325 тоннаны құрайды және облыстағы барлық мектептің жеке дара қазандығы бар.

Жиын соңында өңір басшысы жаңа оқу жылы қарсаңындағы дайындықты күшейтуді, мектеп оқушыларын тегін тасымалдауды қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.