Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Өңірімізде жазғы маусымда 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қаражал қаласындағы №3, №7 мектептері, Ұлытау ауданындағы №7, №10 мектептерінің күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Яғни, 25 тамызға дейін аяқталады.
Ал, Жезқазған қаласындағы Қ. И. Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейдің күрделі жөндеу жұмысы жоспардан қалыс қалып келеді. Осыған байланысты жиын барысында Б.Әбдіғалиұлы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы С. Төлековаға қолбайлау болып жатқан мәселені тезірек шешіп, бұл мектептің де 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдауға сақадай сай болуын қадағалауды тапсырды. Ал, Жаңаарқа ауданындағы 464 орындық мектеп 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі. Осыған байланысты оқушыларды қабылдауға жаңа мектептің дайындығын да пысықтау қажет. Бұдан бөлек Ақтүбек ауылындағы мектептің спорт залының құрылысын Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекхожиннің өзінің жеке бақылауына алу қажеттігін айтты.
Бұдан соң өңір басшысы мектептер мен аурухана аулаларының қазіргі жәй-күйіне тоқталды. Олардың бүгінгі жағдайын сынға алды. Бұдан былай мектеп пен аурухана аулаларын абаттандыру жұмыстары үшін штат бірлігін бөлуге ұсыныс беруді тапсырды.