Жаңа міндеттер жүктеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын аудандық мәслихаттың депутаттар корпусы көгілдір экраннан көріп, қызу қолдады. Өйткені, жаңа Жолдауда Президент саяси жаңғырған жаңа Қазақстанды құру мен одан әрі дамытуға қатысты мәселелерді шешуді міндет етіп қойды.
Әсіресе жол мәселесін шешуге басымдық бергені, көптің көкейінде жүрген мәселе болғандықтан, ерекше назар аудартты десек болады. «Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім», – деді Мемлекет басшысы.
«Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек», – деді Президент ауыл шаруашылығы саласы жөнінде. Аудан халқының негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы болғандықтан, Үкімет тарапынан осы саланы дамыту үшін енгізіліп жатқан барлық жаңа тәсілдер өз пайдасын әкелетініне сенім білдіремін.
Сонымен қатар, жаңа Жолдауда айтылған тағы бір жаңалық – бала күтіміне берілетін төлем бір жарым жасқа дейін ұзартылатын болды. Бұл өзгеріс 2023 жылдың 1 қаңтарынан енгізіледі. «Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты қайтарым алуға тиіс», – деп қадап айтты Президент. Бұл елдің әр азаматына деген жанашырлық деп білемін және демографияның өсуіне өз әсерін тигізетіні анық.
Халықтың еңсесін тіктеген тағы бір жаңалық – елдегі минималды жалақы мөлшерінің 70 000 теңгеге көтерілуі мен әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деп тұрақталуы болды. Бұл әйелдер қауымының көптен бері көкейінде жүрген мәселе еді.
Жолдаудың басты жаңалығы – Мемлекет басшысының күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынуы. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет екені рас. Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынуы да Жолдаудың жаңалығы болды.
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау аудандық мәслихатының хатшысы.