Жаңа әліпби – жаңа серпін

«Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің – дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді» деді Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2017 жылы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары басталған болатын. Содан бері латынға негізделген қазақ әліпбиінің көптеген нұсқасы жасалды.

Алдымен диграф нұсқасы ұсынылып, бұл нұсқа халық арасында қолдау таппады.Одан кейін кей дыбыстарды апостраф арқылы таңбалауға негізделген екінші жоба ұсынылды. Бұл жобаны да халық қолдамады. 2018 жылдың 19 ақпанында ҚР Президенті Жарлығымен акут диакритикалы жаңа әліпби бекітілді. Бұл әліпбиде ғалымдардың «бір дыбыс – бір таңба болсын» деген ұсынысы бойынша апостраф акут диакритикасына ауыстырылды. Осы бекітілген әліпбиді түсіндіру мақсатында көптеген іс-шаралар өткізілді.

Дегенмен де, 2019 жылдың 21 қазанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық пікірлерді ескере отырып, тіл мамандарына соңғы әліпби нұсқасын жетілдіруді тапсырды. Президент тапсырмасын орындау аясында әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралды. Ал биыл қаңтар айының соңында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізіп, латын әліпбиінің соңғы нұсқасын таныстырды. Үкімет басшысы өз кезегінде латын графикасының негізіндегі қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Дүйсенкүл ҚОЖАХМЕТОВА,

Ұлытау ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің латын графикасын енгізу бойынша әдіскері.