ЖАҢА ӘКІМ – ЖАҢА МІНДЕТ – ЖАҢА МЕЖЕ
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жұмыс сапарымен Қаражал қаласына барды. Өңір басшысы алдымен қала активіне шаһардың жаңа әкімі Айқын Қылышұлы Елеусізовті таныстырды.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қаражал тау-кен техникалық колледжінде болып, оқу ордасының жаңа жабдықтарын қарады. Сонымен қатар өңір басшысына білім ошағына спорт зал керек екені айтылды. Берік Әбдіғалиұлы өз кезегінде колледждің алдын абаттандыру және қасбетін жаңарту жұмыстарын қолға алу қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ өңір басшысы Қаражал қаласында барит өндірумен айналысатын «Қаражал Оперейтинг» ЖШС жұмыс орнына барды. 2015 жылы жоба мұнай-газ саласына қызмет көрсетуде көшбасшы әйгілі американдық «Halliburton International Inc» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды. «Halliburton International Inc» трансұлттық компаниясының барит кен орындарын игеру және барит кендерін өңдеуде 60 жылдан астам тәжірибесі бар.
Келесі кезекте облыс әкімі қалада қайта жөндеуден өткізіліп жатқан «Горняк» стадионындағы жұмыстардың барысын қадағалады. Мердігер «Construction Training Resources» ЖШС бүгінде нысанда әкімшілік ғимараттың іргетасын, жүгіру жолын және жасанды жабыны бар футбол алаңын орнату бойынша жұмыстарды атқаруда. Сондай-ақ, нөсер кәрізі мен теннис кортын орнату жұмыстары басталды, көрермендер трибунасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Нысан бойынша жұмыстар 2021 жылы басталып, 2023 жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарлануда. Берік Әбдіғалиұлы қайта жаңарту жұмыстарын кестеден кешіктірмеуді тапсырды.