Жаңа кен орындары – ел игілігіне
Негізінен ауылшаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын ауданымызда кен орындары көптеп саналады. Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО тұрмақ алыс-жақын шетелдерге белгілі болған Қарсақбай мыс қорыту зауыты мен Жезді марганец кенін өндіру басқармасына қарасты кен орындары әлемге танымал болды. Қиын-қыстау жылдары Отанымызға аса қажет болған мыс және марганец металдарын үзіліссіз өндірген, сөйтіп Ұлы Жеңісті жақындатуға сүбелі үлес қосқан осы өнеркәсіп орындары – біздің мақтанышымыз!
Ал осы екі кен алыбының арасында жатқан Ақтас елді мекенінің маңында өте бағалы кварц тастары табылып, сонау 1960 жылдардан бері осы маңызды минерал өндіріліп келді. Кеңес дәуірінде тікелей Мәскеу қамтамасыз еткен Ақтас кенті мызғымас Одақ тарағанда күйі кетіп, әрі-сәрі күй кешкені жасырын емес. Кварц минерал тастарын өндіретін кен орындары жаппай жабылып, кентті жұмыссыздық жайлады. Тұрғындардың басым бөлігі іргелес қалаларға қоныс аударып, кенттің келісті келбеті сұрқай тартқан заман да өткен. Ауданымыздың аумағында жатқан іргелі кен орындарының бірі – Ақтас кентінің басынан осылайша бақ тайған-тын. Тек биыл өзінің 30 жылдық торқалы тойын атап өткелі отырған ел Тәуелсіздігі жарияланғалы бері ғана Ақтас кен орындарының екінші тынысы ашылғандай. Ілгеріректе Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің дәстүрлі Жолдауларында, елді жаппай индустрияландыруды жеделдету, тұралап қалған өнеркәсіпті, өндіріс орындарын қайта жаңғырту бағдарламаларын жүзеге асыруды үнемі міндеттегені белгілі. Осы бағытта жұмыстар жүргізетін жаңадан жеке инвесторлардың көмегімен, құлазып тұрған кен орындарының «бойына қан жүгірді». Бір қуантарлығы – сағым көшкен сайын даланың қойнауынан пайдалы қазбалар табылып, оларды өндіретін кен орындарының қатары көбеюде.
Ауданымыздың Аманкелді селолық округіне қарасты, Ақтас кентіне жақын орналасқан екі жерден «Нөгербек» және шартты атауы «81» деп аталатын екі кен орыны ашылмақшы. Тендердің жеңімпазы болып танылған Шымкент қаласының «HAN BARYS» жауапкершілігі шектеулі серіктестік алдағы жылдың көктемінде кварц өндіру жұмыстарын бастағалы отыр. Жуырда аталған серіктестіктің өкілі Ғалымжан Даржанов кент тұрғындарымен кездесті. Кездесудің мақсаты – Ақтас кентіне жақын орналасқандықтан, кент тұрғындарының ашылғалы отырған кен орындарына қатысты ой-пікірлерін тыңдау. Жылы жүздесуге аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғанова, аудандық жер қатынастары бөлімінің маманы Сағдат Өсербай, ауыл тұрғындары қатысты. Жиынды кент әкімі Дулат Сүлейменов ашып, жүргізді. Жиынның мән-маңызына, мақсатына тоқталған ол, сөз кезегін ауданның кәсіпкерлік бөлім басшысы Гүлнар Ауғановаға берді. Ол атқарылып жатқан жұмыстарға (құжаттар әзірлеу, жер қойнауын зерттеу, т.с.с.) қысқаша шолу жасады. Аудан әкімдігі мен «HAN BARYS» жауапкершілігі шектеулі серіктестік арасында келісім-шарт жасалған, аудан әкімінің қаулысы бар. Жиын барысында кент тұрғындары тарапынан қойылған сауалдарға «HAN BARYS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Ғалымжан Даржанов толық жауаптарын қайырды. Кент тұрғындары Тлеубаев Алпыс, Әбдіуахитов Сейтжан қойған сауалдарына (жұмыскерлерді тасымалдау, ыстық тамақпен қамтамасыз ету, айлық жалақыларының мөлшері, жұмыскерлер мүдделерінің қорғалуы, т.б.) тұщымды жауап алды. Жер пайдаланушы ЖШС-нің өкілі сөз алып, кен орындарын игеру барысында экологиялық, санитарлық талаптар толық сақталатынын, жұмысқа қабылданған ауыл азаматтарының мүдделері қорғалатынын, жұмыскерлерді тасымалдау ұйымдастырылатынын атап өтті. Тұрғындарды жұмысқа қабылдау үшжақты қатаң келісім-шарт негізінде ғана жүзеге асырылуы керек деген талаптарын жеткізді. Жылы жүздесуде екі тарап бір бәтуаға келді. Жиынды қорытындылаған кент әкімі Дулат Сүлейменов жиынға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, кентке жақын орналасқан жерлерден жаңа кен орындарын ашып, жұмыс жүргізуге ниет еткен «HAN BARYS» ЖШС-не сәттілік тіледі.
Иә, аудан аумағындағы жер пайдаланушылар ел игілігіне еңбек етіп, салықтарын тұрақты, уақытылы төлеп отырса нұр үстіне нұр. Елдің әлеуметтік-тұрмыстық хал-ахуалын жақсарту – басты мақсат болып қала бермек! Ендеше, Ақтас кентінің дәл жанынан ашылатын кварц өндіретін кен орындары елдің қуанышына айналары сөзсіз.
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ