Жаңа форматта жаңғырған мереке
Көктемнің шуақты мерекесі – әз Наурыз табиғат-Ананың тамырына қан жүгіртіп, тамаша күйге енгізетін жаңару, жасару мейрамы. Биыл да «Наурызнама» онкүндігі аясында Ұлытау ауданы орталығында бірқатар іс-шаралар өтті.

Ел болып бауырмалдыққа үндейтін мереке – әуелі «Көрісу» күнімен бастау алды. Қазақтың мәдениеті мен адами болмысын әспеттеген шараны аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырды. Шара барысында атаулы күннің ұлт үшін маңыздылығы, бабалардан қалған дәстүрдің жаңғыруы туралы айтылып, ел мен елді жақындастыратын мерекенің ерекшелігі көбірек айтылды. Бұл күн амандық-саулық сұрасып, құшақ жая көрісіп, төс қағыстыратын күн ғана емес, бірлік пен татулықтың, сыйластықтың символы екендігін жергілікті өнерпаздар көрсете білді. Сонымен қатар, «Амал мерекесі» – ұрпақ сабақтастығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін күн ретінде дәріптелді.
Ізгілік пен қайырымдылыққа негіз болған «Наурыз-базарлық» акциясы шеңберінде кәсіпкерлер мен мекеме қызметкерлерінің қолдауымен жинақталған азық-түліктер, басқа да қажетті заттар мұқтаж отбасыларға табысталды. Осылайша, аз қамтылған жанұялар мейірімділік пен жылулықтың шуағына бөленді. Әр адам осы күні өзгелерге жақсылық жасау өзінің жүрек қалауы екенін түсінді.

Мәдениет және ұлттық салт-дәстүрлер күнін «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей – қорығының ұжымы ұйымдастырды. Аталған шарада қазақ халқының сәби алғаш қадам басқанында жасалатын дәстүрі – тұсау кесу рәсімі көрсетілді. Бұл ғұрып баланың жолы ашық, болашағы жарқын, жүріс-тұрысы ширақ әрі өмірде сүрінбейтін азамат болу үшін жасалатын рәсімі. Мұны музей қызметкерлері өз мәнінде көрсетіп, тұсау кесу рәсімінде ала жіпті қию арқылы сәбидің өмірге нық қадам басуына ақ жол тіледі.
Ал, «Шаңырақ» күніне орайластырып өткізген «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей – қорығының іс-шарасына аудандық деңгейдегі мекеме, бөлім басшылары қатысты. Мәні мен сәні келіскен шарада ұлттық тағамдар ұсынылып, салт-дәстүрлер насихатталды.

Дастарқан басында дәстүрлі ән мен терме орындалып, әдет-ғұрыпқа байланысты тағылымды әңгімелер айтылды. Мұнда отбасылық құндылық, ұрпақ тәрбиесі ұлттық таным мен дәстүр мәселелері әңгімеге арқау болды. Меймандар отбасылық құндылықтары хақында ілкімді ойларын ортаға салып, жас отбасыларға ақыл-кеңестерін айтты. Бұдан кейін ұлттық киім күні де аталып өтті. Бұл күн – халқымыздың мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, ұлттық болмысын айшықтайтын күн ретінде белгілі. Қазақтың ұлттық киімі тек сәндік үшін ғана емес, ұлттық киімде ұлттың тарихы мен дүниетанымынан сыр шертетін асыл қазына жатыр. Сонау ықылым заманнан бізге жеткен қазақтың сан-түрлі оюлары әлі күнге дейін көздің жауын алады. Қос етек көйлекті бастыра киген нәзікжандылардың қызыл-жасыл қамзолдары, бешпет, дөңгелек бөрік, көрікті шапандары, сәукеле мен тақиясы, сылдырлаған шолпысы халқымыздың эстетикалық талғамы мен шеберлігін айқындап тұрғандай. Қазірде елімізде түрлі шеберлер мен стилист-дизайнерлердің қолымен ұлттық киімдеріміз заманауи талапқа сай жаңғыра тігілуде. Ондағы өрнек пен түс белгілі бір мағынаны білдіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Әсіресе, жас ұрпаққа ұлттық киімдегі ою-өрнектің мән-мағынасын түсіндіру – олардың ұлттық рухын арттырып, мәдени мұраға деген құрметін қалыптастыру – заман талабы.
Қарап отырсақ, ұлттық киім – баға жетпес байлық, тәрбиенің көзі. Сондықтан, қазақ киімінің қадірін өзіміз біліп, өзіміз қолдап, өзіміз тұтына жүрейік…
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
