Жаңа Экокодекс: табиғатты ластаушылар енді төлем жасап қана қоймай, ақауларын түзетеді

Қоршаған ортаға эмиссия үшін бюджетке түсетін түсімдер енді 100% өңірлердің табиғат қорғау іс-шараларына бағытталатын болады. Қарағанды облысында олар өткен жылы шамамен 16,7 млрд теңгені құрады. Жаңа экологиялық кодекстің нормаларын түсіндіру үшін Қарағанды өңіріне ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев келді. Теміртауда облыс әкімінің, ірі өнеркәсіп кәсіпорындары басшыларының, салалық сарапшылар мен қоғамдық белсенділердің қатысуымен кездесу өтті.

Мемлекет басшысы Экологиялық кодекске 2021 жылғы 2 қаңтарда қол қойды. Министрдің айтуынша, жаңа заңнамалық акт реформаторлық болып табылады. Бұл жолы қоғамдық пікірге үлкен мән берілді.

— Жауапкершілікті қатаңдату мен жұртшылықтың рөлін күшейте отырып, кәсіпорындарда экологиялық технологияларға көшу және эмиссиялар көлемін төмендетуден басқа амал қалмайды деп ойлаймын, бұл экологиялық ахуалды нақты жақсартуға алып келеді, — деп атап өтті экология министрі.

Жаңа кодексте «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидаты енгізілген. Мемлекет табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұл төлеуден гөрі қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмау жөніндегі барлық шараларды қабылдау тиімдірек болатын жағдайлар жасайды.

Осындай шаралардың бірі — ең озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ) енгізу. Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларының 50 ірі кәсіпорнын ОҚТ-ға көшіру жоспарлануда. Олар ластанудың 80% құрайды. Егер кәсіпорын ОҚТ-ға ауыспаса, онда эмиссия үшін төлем ставкалары өседі. 2025 жылдан бастап олар 2 есеге, 2028 жылдан бастап 4 есеге, 2031 жылдан бастап 8 есеге артады.

Экологиялық кодекс 2021 жылғы 1 шілдеде күшіне енеді. Ал әзірше негізгі ластаушылар арасында аудит жүргізілетін болады, бұл өнеркәсіптің ОҚТ-ға көшуге дайындығын бағалауға мүмкіндік береді.

Қоршаған ортаға эмиссия үшін төлем және табиғатты қорғау іс-шараларына бюджет қаражатын мақсатты жұмсауға ерекше назар аударылды. Енді жергілікті атқарушы органдар табиғатты қорғау іс-шараларын түсетін экологиялық төлемдер есебінен 100%-дық көлемде қаржыландыруға міндетті. Қарағанды облысында 2019 жылы қоршаған ортаға эмиссия үшін бюджетке түсетін түсімдер 2020 жылдағыдай шамамен 16,7 млрд теңгені құрады.

Кодексте қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдері (ҚОӘБ) көзделген. Бірінші және екінші санаттағы нысандардың әсері міндетті түрде бағаланады. Әсері шамалы нысандар — 3-ші және 4-ші санаттар — реттеуден босатылған. Бұдан басқа, енді қоғамдық тыңдаулар қызметті жоспарлаудың ең ерте кезеңі — жер учаскесі бөлінгенге дейін өткізілетін болады. Бұл кәсіпкерлердің тәуекелдерін жойып, жұртшылықтың пікірін ескере отырып шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінен асып түскені үшін әкімшілік айыппұл 10 есеге артады. Бұдан басқа, шығарындылар мониторингінің автоматтандырылған жүйесі кәсіпорындар қызметінің айқындылық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Деректерді беру онлайн режимінде жүзеге асырылады.

Біздің еліміз үшін тағы бір үлкен экологиялық проблема — қалдықтарды жою және заңсыз полигондар. 2020 жылы Қарағанды облысының аумағында 1 275 рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталды. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін жаңа Кодексте қалдықтарды қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындар үшін лицензиялау көзделген. Барлық қоқыс тасушы көліктерге GPS-датчиктер орнату жоспарлануда.

Қалдықтардың жиналу көлемін қысқарту үшін электр энергиясын алу арқылы оларды энергетикалық кәдеге жаратуды енгізу көзделеді (waste to Energy). Алайда Қарағанды облысында қоқыс жағатын зауыт әзір салынбайды. Инновациялар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Тараз және Ақтөбеге қатысты болмақ.

Еуропалық тәжірибеге сәйкес, Экокодекс тау-кен қалдықтарына арналған жаңа тараумен толықтырылды. Жабық және қараусыз қалған қалдықтарды жинау объектілерінің тізілімі жүргізілетін болады.

— Кодекстің жаңа редакциясы өнеркәсіптік кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтеді, сондай-ақ эмиссияларды төмендету мақсатында өндірісті жаңғыртуды талап етеді. Кодекс елдің әрбір тұрғынына, өмір мен денсаулық мәселелеріне, экологиялық жауапкершілікке, жалпы тәрбие мен ойлауға қатысты, — деді өңір басшысы.

Кеңесте «АрселорМиттал Теміртау» АҚ және «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан табиғатты қорғау қызметі мәселелері талқыланды. Металлургиялық алпауыттар меморандум шарттарының орындалғанын еске салды. Оған сәйкес, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2024 жылға дейін эмиссиялардың нақты көлемін 30%-ға төмендетуге міндеттенеді.

Кездесу аясында Мағзұм Мырзағалиев жиналғандарға Теміртаудың мемлекеттік экологиялық инспекторы Абылай Қабдырашты таныстырды. Металлургтер қаласында бұл ұстанымның құрылуы қолайсыз экологиялық жағдайға байланысты. Маман экологиялық бұзушылықтар мен проблемалар туралы жедел есеп береді.

Сол күні экология министрі облыс басшысымен бірге бірнеше нысандарды аралады. Солардың бірі — Сарандағы күн электр станциясы. 164 га аумақта орналасқан 307 мыңнан астам фотовольтаикалық панельдер күн энергиясын электр энергиясына айналдырады. Өндірістен кейін бірден ол жалпы желіге түседі. Станцияның қуаты — 100 МВт.

Содан кейін қонақтар «Қарағанды бекіре» балық шаруашылығына экскурсияға аттанды. Бұл толықтай автоматтандырылған өндіріс. Бастапқыда жобаның негізгі бағыты бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру, өндіру және сату болды. Бірнеше жыл бұрын кәсіпорын уылдырық өндірісіне көшті. Өнім бүкіл Қазақстан бойынша сатылады, сондай-ақ Ресейге экспортталады. Түркия, Араб Әмірліктері және Катар нарықтарына шығу жоспарлары бар.

Министрдің жұмыс сапары ЖЭО-3-ке барумен аяқталды. Мұнда экологиялық топ нысанның жұмысымен танысып, алдағы жоспарлары туралы білді. Еске сала кетейік, биыл Қарағандыда осы электр станциясынан үшінші жылу құбырының құрылысы басталады. Жобаны іске асыру 21 032 жаңа пәтерді жылу энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.