Жаңа белес биігі

Көктемнің басты мерекесі – әз Наурыз табиғат-ананың тамырына қан жүгіртіп, тамаша күйге енгізетін шынында да жаңару, жасару мейрамы. Бұл мереке өмірімізге жасампаздық пен дамудың жаңа лебін әкелді. Бүгінде Наурыз – ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасындағы достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға септігін тигізетін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам болып есептеледі. Биыл Ұлыстың Ұлы күні жаңаша үлгіде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Наурыз мерекесін тойлау тұжырымдамасына сәйкес, бекітілген жоспар аясында жүргізілуде. Осыған орай, Арқаның сары аязын артқа тастап, Сиыр жылының табалдырығын аттағалы тұрған Ұлытау өңірінде де Наурыз тойы бастау алды. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты санитарлық талаптарды сақтай отырып, мекеме ғимаратында, енді бірі онлайн форматында ұйымдастырылғанының куәсі болдық.

Ел Президентінің игі бастамасы қашанда халықтың көңілінен шығып, қолдау табатыны анық. Наурыз мерекесі қарсаңында аудан орталығында көктем мерекесіне орай, аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары «Көрісу күнін» қауышудың белгісі ретінде ұйымдастырды. Алдымен, өнерпаздар онлайн форматында аудан жұртшылығымен амандық-саулық сұрасып, «Жасыңыз құтты болсын!», «Бір жасыңмен!», «Жасың қайырлы болсын!» деумен бастады. Жалпы, қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық мейрамдарының қай-қайсысы болмасын адамды ізгілікке жетелейтіні рас. Бұл жолы да үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, әлсізге демеу, жарлыны жарылқау сынды ұлы қасиеттерден бастау алды. Осылай ымыра-бірлікке шақырып, игілікке бастайтын көрісу күні – аудан орталығындағы Төкен Бегаев ақсақалдың үйінде жалғасты. Сән-салтанаты келіскен ауыл ақсақалының ордалы шаңырағына барған өнерпаздар той дәмінен ауыз тиді. Төкен ақсақал жамағатты ұлық мейрамымен құттықтап, ақ батасын берді. Соңында әннің тәуірі шырқалып, күйдің бауыры жазылған салтанатты көрініс қорытындысы онлайн форматы арқылы көпшілікке ұсынылды.

Ынтымақ пен берекеге үндейтін ұлық мерекенің екінші бөлімі «Шежіре күні» деп аталып, аудандық мемлекеттік архивінде жалғасты. Бұл мереке – біздің Тәуелсіздігімізбен қоса келген құнды қазынамыз болғандықтан, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Елінің елеулі азаматтары – ұрпаққа үлгі» атты ғаламтор-көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеге бір кездері «Ұлытау ауданының Құрметті азаматы», аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Ағайынбек Бабатаев пен «Құрмет белгісі» орденінің иегері, аудандық мәслихат депутаты, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарған Байғара Тұрсынбаевтың өмір жолынан жинақталған құжаттар қойылды. Сонымен қатар «Туған жер», «Бір ауыз сөз», «Ауыл жастары» әндерінің авторы, жерлесіміз Жақия Бимағанбетовтің сазгерлік өмірінен сыр шертетін бірқатар маңызды мәліметтер де болды.

Мәні мен сәні келіскен шара бұдан кейін «Ұлытау» қорық-мұражайы ұйымдастырған этнографиялық көрмені тамашалаумен басталды. Бұл көрме №1 Ұлытау орта мектебінде «Тарихқа тағзым» деген атаумен өткізілді. Көрмеге қойылған жәдігерлерді мұражайдың ғылыми қызметкері Гүлсұлу Балдуова таныстырды. Көрмеде қазақ халқының салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан сыр шертетін көне дүниелер көп болды. Әсіресе, ұлттық қолөнердің қайталанбас үлгілері, оның ішінде ағаштан жасалған бұйымдар көздің жауын алады. Жалпы, көрмеге ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ұлтымыздың ұлылығын паш етуге негіз болатын құнды жәдігерлер қойылыпты. Себебі, мұражай қызметкерлері Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тарту ретінде салмақты жобаларды әзірлеу үстінде екен. Соның бірқатары көрме аясында көрсетілді.

Келесі шара Наурыз мерекесі – қайырымдылық мерекесі екені де ескеріліп, бір күн «Игі істер күні» ретінде аталып өтті. Осыған орай, Ұлытау, Жезді, Қарсақбай өңірлерінде қайырымдылық акциясы өткізілді. Акцияны аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып, аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы жанұяларға азық-түлік себетін дайындап, сыйлықтар үлестірді. Қамқорлықты қажет ететін отбасылар жастарға алғысын жаудырып, рахметтерін айтып жатты.

Осылайша, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелткен ұлы мереке аудан жұртшылығын дүбірлі думанға бөледі. Бір апта бойы той қызығы үзілген жоқ. Толастаған да емес. Енді келесі аптада да жоспарға сай Наурыз думаны жалғаса бермек.

Қайрат ЖҰМАБАЙ