Жұмыстарды ширатуды тапсырды

Газетіміздің өткен санында облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ Ұлытау өңіріне жұмыс сапарымен келіп, бірқатар ауылдарда болғанын жазған едік. Сол жолғы сапарында өңір басшысы ауданның Терісаққан жəне Қаракеңгір ауылдарына да арнайы атбасын бұрған еді.

Облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы алдымен Терісаққан ауылына кіреберіс жолдың су тасқыны салдарынан шайылып кеткен тұсын бақылады. Өңір басшысы ақау орын алған бөлікті жеке қолға алу қажет екенін жеткізді.
– Жолдың зардап шеккен бөлігі – көлемді. Сол себепті бұл жерде ауқымды жұмыс атқару қажет. Толықтай қайтадан қалыпқа келтіруді тапсырамын. Ақауды анықтап, шұғыл жұмысқа кірісіңіздер, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Еске сала кетсек, 29 наурызда еріген қар суының көп болуы салдарынан Терісаққан ауылдық округіне кіреберіс 20 метр жол шайылып кеткен болатын. Одан бөлек, биыл аталған орында жерді тегістеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда автокөліктер қатынасы жолға қойылған.

Облыс əкімі келесі кезекте биыл қолданысқа берілуі тиіс фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратына да барды. Қазіргі таңда нысанның дайындығы 75 процентті құрайды. Өңір басшысы жұмыстарды ширатып, құрылысты мамырдың соңына дейін толықтай аяқтауды тапсырды.

Заманауи спорт алаңы салынуда

Қаракеңгір ауылында биыл жабық футбол алаңы қолданысқа беріліп, жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт толық жабдықталады. Бұл жайында Ұлытау облысы əкімінің аймаққа жұмыс сапары барысында айтылды.
Қолдағы ақпараттарға қарағанда ұзындығы 40, ені 20 метр болатын ангар типті футбол алаңын сəуірдің соңында аяқтау көзделіп отыр. Қазіргі уақытта барлық материалдық жабдығы түгел. Нысан жылытқыш материалдармен қапталып, қыста жылумен, жазда салқындататын кондиционер орнатылады.
Облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы Қаракеңгірде құрылысы биыл аяқталған фельдшерлік-акушерлік пункттің да жұмысын бақылады. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау нысаны 90 процент қажетті құралдармен жабдықталған. Мұнда 3 медбике жұмыс атқаруда. ФАП ғимараты жылумен қамтамасыз етілген.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.