Жұмыссыз жастарға арналған жаңа жоба іске қосылды

Қарағанды облысында биыл 36 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Жұмыссыз жастарға көмектесу үшін «Бірінші жұмыс орны» жаңа жобасы іске қосылды. Ол туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте егжей-тегжейлі айтып берді.

«Бірінші жұмыс орны» жобасына ЖОО мен колледж түлектері, сондай-ақ 29 жасқа дейінгі NEET санатындағы жастар қатыса алады.

Кәсіпорын мен жұмыспен қамту орталығы арасындағы шарт бойынша кемінде екі жыл мерзімге жұмыс ұсынылады. Бірінші жылы жергілікті бюджет қаражатынан жұмыс беруші 20 АЕК (58 340 тг.) мөлшерінде ай сайынғы субсидия алады.

Әсем Жүніспекова хабарлағандай, жобаға бірінші болып Саран, Сәтбаев, Шахтинск қалалары және Абай ауданы қосылды.

Баяндамашының ақпараты бойынша, бірінші тоқсанда «Еңбек» бағдарламасы бойынша 8 мыңға жуық тұрғын жұмысқа орналасты. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 10 мың жұмыс орны құрылды.

Қоғамдық жұмыстарға 2 563 адам орналасуға ниет білдірді. Жастар тәжірибесіне 203 адам жіберілді.

Жұмыссыздар мамандықты тегін игере алады. Курстар «1С» бухгалтері, механизатор, қазандық қондырғыларының машинист-операторы, маникюр шебері, массаж жасаушы, пішуші және т. б. мамандықтар бойынша жүргізіледі.

«Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытылады. Онлайн режимінде бірінші лекке арналған курстар басталды. Биыл облыста барлығы 1 250 адамды оқыту жоспарлануда. Жоба түлектері үшін шағын несиелер мен гранттарға қаражат қарастырылған.

Жұмыспен қамту жол картасы бойынша биыл өңірге 22,8 млрд теңге бөлінді. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және ТКШ саласында 19 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыспен қамту бойынша тапсырма берді.

— Біз тұрғындарды жұмысқа орналастыру бойынша барлық міндеттемелерді орындауымыз керек. «Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламаларының іске асырылуы тұрақты бақылауға алынған. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына барлық қалалар мен аудандарда қаражат бөлу қажет. Мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмысты жандандыру талап етіледі, — деп атап өтті өңір басшысы.