Жұмысшы мамандықтар жылы – еңбек адамына құрмет
2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануы – ел дамуының стратегиялық тұрғыдан аса маңызды бастамасы. Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасының іргетасы болып отырған өндіріс, құрылыс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы секілді негізгі салалардың барлығы кәсіби жұмысшы мамандарға сүйенеді. Қазіргі заманғы технология қаншалықты дамығанымен, оны жүзеге асыратын, өмірге енгізетін – адам еңбегі, нақты айтқанда, еңбек адамы.
Бұл бастаманың басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастарды кәсіптік-техникалық білімге баулу және олардың қоғамдағы орнын нақты көрсету. Өндірісте, зауытта, шахтада, құрылыс алаңында еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшы – ел экономикасының қозғаушы күші. Сондықтан мемлекет тарапынан осы саланы қолдауға ерекше көңіл бөлінуі – уақыт талабы.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жас кадрларды даярлау, кәсіби білім беру жүйесін жаңғырту, тәжірибелік машықты жетілдіру бағыттары қолға алынуда. Бұл өз кезегінде тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрғыдан да оң нәтиже береді. Жастардың еңбекке деген қызығушылығы артып, ел ішінде тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндіктері кеңейеді.
Әрбір мамандық – қадірлі, әрбір еңбек адамы – құрметке лайық. Сондықтан Жұмысшы мамандықтар жылы – тек бір жылдық акция емес, болашаққа бағытталған үлкен бастамалардың бастауы деп қабылдауымыз керек.
Медет ЖАБАГИНОВ,
Қарсақпай кенті әкімінің аппаратының бас маманы.