Жұмыс – жіті назарда
Газетіміздің бұған дейінгі санында «Жезқазған-Қызылорда» күрежолының бойында алдағы үлкен жұмысқа қызу дайындық жүріп жатқанын жазған болатынбыз. Сол жұмыстар бүгінде Үкіметтің басты назарында тұр.
Жуырда Ұлытау облысының əкімі Дастан Рыспеков пен «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев «Жезқазған-Қызылорда» трассасын жаңғырту үшін басталған дайындықтың жай-жапсарымен танысып қайтты. Сегіз бөліктің жұмыстарын атқаратын төрт компания өкілдерімен кездесу барысында өңір басшысына аумақта жолды тегістеу, айналма жол салу, карьерлерді орналастыру жүргізіліп жатқаны айтылды.
Қолға алынған шаруаларды толық бақылаған облыс əкімі аталған жұмыстарға жергілікті азаматтарды тартуды тапсырды. – Қазақстан Республикасының заңнамалары қатаң сақталу қажет. Сонымен қатар, жұмыстарды атқаратын компанияның төртеуі де біздің облыста тіркелсін. Себебі салықтың біздің өңірге төленуі маңызды. Осы аталған ұйымдастыру жұмыстарын уақыт созбай, жылдам аяқтаңыздар, реконструкция басталған сəтте еш кедергі болмасын, – деді облыс əкімі өз сөзінде.
Оған қоса, өңір басшысы Дастан Рыспеков жол бойындағы жұмысшыларды қажетті материалдармен, тамақпен жəне арнайы киімдермен қамтамасыз ету үшін де ұлытаулық жеткізушілерді жұмылдырудың маңызын жеткізді.
Белгілі болғандай, қазіргі уақытта екі компания Ұлытау облысында тіркеліп үлгерген, қалған екеуі тіркелу сатысында жəне реконструкция жұмыстарына бас аяғы 1000-ға жуық қызметкер тартылады. Келер жылға дейін материалдар дайындалады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.