«Жұмыс қарқыны жоғары, ал талап қатаң болады»: Олжас Бектенов Үкімет алдындағы негізгі міндеттерді белгілеп берді

Премьер-Министр Олжас Бектенов 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

«Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуы тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек», — деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ Премьер-Министр өнеркәсіптік дамуға жаңа серпін беру үшін бірқатар нақты міндеттерді белгілеп, бірінші вице-премьер Роман Склярға 10 күн ішінде барлық ірі өнеркәсіп кәсіпорны иелерімен, бірінші кезекте өндіруші салалардағы кәсіпорындармен келіссөздер жүргізуді тапсырды.

«Біз батыл әрекет ететін Үкімет боламыз. Бізге өсу қарқынын тиімді ұлғайту, экономиканы әртараптандыруды белсендірек жүргізу, инвестиция тарту және барлық міндеттерді шешу үшін жеткілікті өкілеттіктер берілді», — деді Олжас Бектенов.