Жәдігерге айналған жез самаурын

Тарихи деректерге сүйенсек, самаурын ең алдымен Голландиядан Ресейге Петр патшаның алдыртуымен әкелінген. Кейінірек самаурын жасау ісі жақсы дами түседі. Самаурын орыстың “самовар” деген сөзінен шыққан. Қалпы: шар тәрізді, оттықты, қосқұлақты, шүмекті, төртаяқты, қақпағында бу шығаратын саңылауы бар. Алғашқы самаурындар Оралда Демидов зауытында жасалған. Біраз уақыттан кейін самаурындар өндірісіне Тула кәсіпорындары да қосылды.

Орталық Азия Ресей империясына қосылғаннан кейін самаурындарға деген сұраныс ұлғая түсті. Оған Орталық Азиядағы шай ішу мәдениетінің артуы үлкен себеп болды. Бірнеше ресейлік кәсіпкер Бұқарамен Самарқанда азиялық самаурындардың өндірісін ұйымдастырды. Самаурынды тұрмысқа әкелуші Тула қаласының қару-жарақ зауытының шеберлері Иван мен Назар Лисициндер. Олар 1778 жылы үкімет орындарының рұқсатымен жеке меншіктегі зауыт ашып, тұтынушылар сұранысына ие самаурынды жасай бастаған. Халықаралық көрмелерде жүлде алған фабрика өз жетістіктерін самаурынның қақпағына жазып, үстіне медальдарының суретін басатын болған.

Самаурын Қазақ жерінде XІX ғасырдан бастап қолданысқа еніп, күнделікті тұтынатын қажетті бұйымға айналды. Самаурын – суды отынмен немесе электр қуатымен қайнатуға арналған ыдыс. Су құйылатын резервуардың ішіне металдан іші қуыс оттық орнатылады. Оттық ішіне отын салып, жағу арқылы ішіне құйған, суды қайнатқан. Туладан шыққан осы көне самаурындардың құны бүгінде артпаса, еш кеміген жоқ.

Сол самаурындардың бірі «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи-музей қорығында сақтаулы. Самаурынды Талдысай ауылының тұрғыны Әнуза Қожабаева өткізді. Самаурын сары түсті, жезден жасалған. Өлшемі 52-27 см, жақсы сақталған. Самаурынның бетiнде эмблема, награда суреттері бейнеленген. Самаурын шүмегінің үстіңгі тұсына Тула қаласында шығарылғаны жөнінде шағын ақпарат жазылған.

Қымбат Мағзұмова,

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи-музей қорығының экскурсоводы.