Өзекті мәселелер талқыланды

Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ төрағалығымен онлайн режимде өткен кезекті аппарат жиынында бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Басқосуға аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасарлары қатысты. Мекемелер мен бөлімдер басшылары, кент, ауыл әкімдері бейнеселектор тәсілімен байланыста болды.

Кеңес барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2021», «Ауыл – Ел бесігі — 2021» бағдарламалары орындалу жайы, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру  мәселесі жөнінде аудан әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев баяндады.

Бұдан кейін ауылшаруашылығы саласындағы жоспарлы жұмыстардың жай-күйі туралы аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов хабарлама жасады.

Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу шаралары және екпе салу жұмысының жүргізілу деңгейіне қатысты ақпаратты аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Ерлан Танабаев ұсынды.   

Күн тәртібіндегі сауалдар егжей-тегжейлі талданып, талқыланды. Отырысты қорытындылаған Советбек Тұрсынұлы биылғы жылы білім беру ошақтарында жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы мен жұмыссыз ретінде тіркелген адамдардың еңбекпен қамтылуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Аудан басшысы егін егуді жедел аяқтау жөнінде де нақты тапсырма берді. Сонымен қатар, аудан бойынша игерілмей жатқан жерлерді игеру жұмыстарын шұғыл қолға алуды талап етті.

Аппарат кеңесінде  ағымдық сипаттағы өзге де мәселелер қаралып, тиісті мекеме, бөлім басшыларына, кент, ауыл әкімдеріне бірқатар міндеттер жүктелді.

Жасұлан АЯШЕВ