Өзекті мәселелер сөз болды
Аптаның басында ауданымыздың оңтүстік шығысында орналасқан үш ауылда әкімдердің есеп беру жиыны болды. Сарысу өзенінің бойын жағалай қонған шекаралас округтер тұрғындарын толғандырған мәселелер де бір-біріне ұқсас болып шықты. Әңгімені тарқатып айтайық…
ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ
Аудан әкімінің орынбасары Жомарт Бегаев бастаған арнайы топ дүйсенбі күні Сарысу ауылына атбасын тіреді. Сол күні ауылдың клубында округ әкімі Сәтжан Құрманбаев ауылдастарына өткен жылы атқарған жұмыстары жайлы баяндады. Ауылдың бір жылдағы тыныс-тіршілігі жайлы мақала газетіміздің өткен санында ғана жарияланғандықтан оны қайталап жатуды жөн көрмедік. Есесіне есепті кездесу барысында ауыл тұрғындары көтерген өзекті мәселелерге тоқталғанды жөн көрдік. Соның бірі жолға қатысты әңгіме. Оны ауыл тұрғыны, қауымдастық кеңестің төрағасы Ж.Әшенов көтерді. Ал оған округ әкімі үстіміздегі жылы жолды жөндеу мақсатында ауқымды жұмыс жүргізілетінін, Түйемойнақ-Сарысу арасындағы 20 шақырым асфальт жолды жөндеу үшін сметалық жобалық құжат дайын екенін, 855 000 000 теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілтінін жеткізді.
Сарысулықтарды толғандыратын тағы бір мәселе қоғамдық көліктің қатынасы екен. Округ әкімінің есебінде ауыл тұрғыны М.Бұзауов сарысулықтар үшін Сарысу – Жезқазған бағытына жүретін автобус қатынасының қазіргі таңда жүрмей тұрғанын айтты.
Бұл мәселеге орай округ әкімі С.Құрманбаев мемлекеттік сатып алу талабы бойынша бірде-бір мердігердің болмағанынан халықтың бұл талабын қанағаттандыра алмайтынын, бірақ, автобус қатынасын жолға қою бойынша жұмыс жасайтынын жеткізді.
Есепті жиынды аудан әкімінің орынбасары Жомарт Бегаев қорытындылап, елде, өңірде болып жатқан жаңалықтар мен аймақтың даму бағыты, «Жаңа Қазақстан» құруда жарқын бағыттарға жол ашылғалы тұрғанын елге жеткізіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сай бүгінгі жиында көтерілген мәселелердің бәрі аяқсыз қалмайтынына сендірді.
ҰСЫНЫСТАР ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Дәл осындай алқалы жиын сол күні түс ауа Сарысу ауылымен іргелес жатқан Борсеңгір селолық округінде де өтті. Мұнда округ әкімі Бауыржан Әлімбек есеп берді.
Баяндамадан соң ел өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Алғашқы болып сөз алған «Мырзабеков Ж» шаруа қожалығының басшысы Жағыпар Мырзабеков округке арнайы статист мал маманы керек екенін алға тартты. Оның айтуынша, ауыл азаматы мал сату үшін ветеринариялық бөлімнен алатын анықтаманы екі-үш күн күтіп жүреді екен. Бірде ток болмай қалады, бірде база істемей қалады. Ал, мұның бәрі табысы малдың өнімінде тұрған ауылдағы ағайынға көп кедергі. Осындай маман ауылдық әкімдікте де отырса дегенді айтты шаруа қожалығының егесі.
Ж.Мырзабеков аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің әрекетіне де наразылығын білдірді. «Рейд барысында аудандық полиция қызметкерлері үйіме келіп, көмекшімнің құжаттарын, еңбек келісім-шартын сұраған. Мен жоқта бұлай істеу қаншалықты заңды», дейді ол.
Көтерілген мәселелерге орай ауданнан арнайы келген ветеринариялық бөлімнің басшысы Серік Тәшенов пен полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Қонысов жауап берді. Бірі қаржының тапшылығынан екі-үш округті біріктіріп бір статист маман ғана ұстап отырғанын айтса, екіншісі рейдтік жұмыс барысында полиция қызметкері жалданбалы жұмыскердің құжаттарын тексеруге құқылы екенін, мұның бәрі қауіпсіздік шаралары үшін жасалынатынын жеткізді.
Жиында сондай-ақ Қонысбай Шегебай ауылда бос жүрген малдарды неліктен қамауға алып жатқанын, жолдың мәселесін көтерсе, Сейтжан Байкенжиев ауылдағы электр желілері сонау жетпісінші жылдан бері жөндемді жөндеу көрмей келе жатқанын, ауылда электрик маманның жоқтығын алға тартты. Ал, Ерсайын Құсайынов лиманға су түспейтінін, себебі «Ашкезең» тоғанына күрделі жөндеу қажет екенін айтты. Ауыл жастары атынан сөз алған Мадияр Наушин ауыл ішіндегі шағын спорт алаңы тозған, жаңа спорт алаңы салынса, «Ауыл – ел басігі» жобасы аясында ауылдағы екі көшенің жолы асфальтталса, аудандық спорт бөлімі арқылы ауыл жастары арасында спорт жарыстарын өткізуге бір маман ұстайтын штат бөлінсе деген ұсыныстарын жеткізді.
Аталған мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары Жомарт Бегаев, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллин жауап беріп, ұсыныс-тілектерді аудан әкіміне жеткізетінін айтты.
ЕЛДІ ТОЛҒАНДЫРАТЫНЫ – ЖЕР МӘСЕЛЕСІ
Сейсенбі күні Мибұлақ ауылында өткен есеп беру жиналысына аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов қатысты. Ауылдық округтің жаңа әкімі Сағындық Дәндібаев ауылдастарын атқарған жұмысымен таныстырды. Орайы келгенде айта кетейік, округ әкімінің сайланғанына онша көп уақыт өте қойған жоқ. Сондықтан да оның жұмысына қанағаттанарлық деген баға берген ауылдастары өзекті мәселелерді бірлесіп атқаруға ниетті екендіктерін білдірді.
Осы орайда ауыл ақсақалы И.Оразбеков бірқатар ұсыныстарын айтты. Соның бірі ауылда иесіз жатқан үйлерді жөндеп, тұрғындарға беру мәселесіне орай болды. «Иесіз жатқан дүние жоқ екенін есте ұста. Ертең сен ол үйлерді жөндеп, жұтындырып қойғанда иесі де табыла қалады. Сондықтан ең әуелі үйді әкімдіктің балансына ал. Оны «иесіз» деп заңды түрде жарияла. Сосын барып жөнде» деп ағалық ақылын жеткізді. Ауыл ақсақалы көтерген екінші бір мәселе жерге қатысты болды. Қазір ауылда шабындық та, жайылымдық жер де тапшы. Көбі шаруа қожалықтарының иелігінде. Осы жер мәселесі тағы бір мәрте сарапталса деген мәселені көтерді ақсақал.
Бұл мәселені ауыл тұрғыны Жасұлан Өксікбаев та толықтырып өтті. Ол бүгінде округтен жер алатындардың қатары көбейіп келе жатқанын, олардың бұрыннан жері бар шаруа қожалықтарына таяу орналасып жатқанын, одан ертең дау-дамай шықпай ма деген күдігін жеткізді.
Ал, Кәдірбек Сақтыбаев округте шаруа қожалықтары көп, мал егіп, емдеуге мамандар жетіспейді. Тағы да штат бөлінсе дегенді айтты. Алқалы жиынға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов жиында көтерілген мәселелерге ерекше маңыз берді. Әсіресе, жер мәселесін пысықтап, шабындық жер қарастыруды аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Есназаровқа тапсырды. Бұл мәселені аудан әкіміне жеткізетінін және осы салаға жауапты адам ретінде істі назарда ұстайтынын айтты. Жиында көтерілген өзге де мәселелер жөнінде ауданнан келген мекеме басшылары өз салалары бойынша жауап беріп, барлық жұмыстардың бәрі тек заң шеңберінде атқарылып жатқанын жеткізді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ