Өзекті мәселелер – күн тәртібінде

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Күн тәртібіндегі мәселелерге көшпес бұрын өңір басшысы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің, сондай-ақ Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша аумақтық департаменттерінің жаңадан тағайындалған басшыларын таныстырды.

Жиында 2025 жылғы қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту шараларының орындалуы, сондай-ақ осы кезеңдегі бюджеттің атқарылуы мен жыл қорытындысы бойынша күтілетін болжамдар қаралды.

Облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайдың деңгейіне сын айтып, әлеуметтік қорғау саласындағы жұмысты, мүгедектер үшін қолжетімділікті арттыруды және жұмыспен қамту шараларының тиімділігін күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, бейімделген нысандардың үлесін арттыруды, ал 2026 жылға қоныс аударушыларға арналған қосымша қолдау шараларының кешенін әзірлеуді міндеттеді.

Сондай-ақ облыс әкімі Дастан Рыспеков биылғы бюджет игерілуінің жалпы көрсеткіші төмен емес екенін атап өтті. Алайда кей жобаларда кемшіліктердің бар екенін де ескертті. Осыған байланысты үйлестіру мен бақылауды күшейтіп, ақпаратты жүйелі түрде жаңартып отыруды тапсырды. Бюджет әкімшілеріне жыл соңына дейінгі уақытты тиімді пайдаланудың маңызын ерекше атап өтті.