Өзекті мәселе шешімін табады
Ұлытау ауданына қызмет бабымен арнайы атбасын бұрған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан ШАБДАР іссапар бағдарламасына сәйкес, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, аудан әкімдігіндегі Open akimat орталығы жұмысының жай-күйі мен нәтиже тиімділіктерін зерделеді. Сапар барысында агенттік төрағасы орынбасарының жанында облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ, Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Денис ШАКЕНОВ және аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ болды.
Меймандар алғашқы кезекте пайдалануға берілуі биылғы жылға жоспарланған Сапар орталығына барды. Бұл жерде «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметов орталық туристерді қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Лауазымды тұлға ғимараттағы туристер тынығуға арналған бөлмелерді, тамақтану орнын, мәжіліс залын, мұражай қызметкерлері орналасатын кабинеттерді аралап көрді. Ортақ мүдделі істің тиянақты атқарылғанын атап өтіп, ризашылықтарын білдірді.
Бұдан кейін аудан орталығындағы жуырда ғана тұрғында игілігіне берілген Халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимаратында болды. Мұндағы жұмыстардың талапқа сай болуын зерделеп, халыққа ыңғайлы қызмет көрсетудің жай-күйі пысықталды.
Келесі кезекте аудан әкімдігі ғимаратындағы Open akimat орталығында көрсетілетін қызметтің сапалық деңгейі бағамдалды.
Жұмыс сапары барысында Нұрлан Шабдар жергілікті мемекеттік атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру бағытында жүргізіп жатқан жұмысын сараптап, тиісті бағасын берді. Осы орайда, істің ілкімді болуына қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, тапсырмалар тізбегін де нақтылады.
Агенттік төрағасы орынбасарының сапары аудан әкімдігінің мәжіліс залында тұрғындарды жеке сауалдары бойынша қабылдаумен түйінделді. Қабылдауға келген аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы, еңбек ардагері Жақия Садықов бүгінгі күні аудан үшін ең өзекті жайттың бірі – электр энергиясын тұтыну қарызының тым ұлғайып кетуі мәселесін көтерді. Бұған қатысты алдағы уақытта облыстан білікті мамандар келіп, аталған күрделі сауалдың туындау себептерін тексеру жұмыстарын жүргізетіні, соған орай, тиісті тұжырым жасалатыны айтылды. Сондай-ақ, бұл мәселе бүгінгі күні облыс әкімінің тікелей бақылауында тұрғаны мәлімделді.
Жасұлан АЯШЕВ