ЗЕҢГІР КӨКТІ ЖЕТІК ЗЕРТТЕГЕН немесе қазақ күнтізбесіндегі ай амалдары
Көшпенді қазақ ықылым заманнан табиғат сырларымен етене таныс болған. Ай мен Күннің, Құс жолының, жұлдыздардың, жалпы барлық аспан денелерінің қозғалысына қарап отырып-ақ, ауа райын дәлме-дәл болжаған. Табиғат құбылысын қалт жібермей, тіпті, сол құбылысқа ат қойып, белгілі бір күнді меншіктеп те отырған екен. Көнекөз қарияларымыздың болжамдары ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, күні бүгінге дейін қолданыста жүр. Ауа райының құбылуы ата-бабаларымыз айтқан қазақ күнтізбесіндегі күндермен сәйкес келуі – шын мәнінде таңқаларлық қасиет!
Әрине, аспан денелерінің ғарыш кеңістігіндегі қозғалысына қарап, ауа райы құбылысын алдын-ала болжаған елдер көп. Бірақ табиғат құбылысын көшпенді қазақтай ай амалдарымен дәлме-дәл сәйкестендірген ел жоқ шығар, сірә. Мұның өзі қазақ халқының даналығын, көрегендігін, болжампаздығын көрсетсе керек.
Біз, бүгін оқырманға қазақ күнтізбесіндегі ай амалдары жайлы айтпақпыз. Кез келген көнекөз қария жақсы білуі тиіс бұл ай амалдарын, ал қазіргі жас буынның арасынан екінің бірі біле бермеуі әбден мүмкін ғой. Ендеше, кейінгі толқын жастардың, әсіресе, мал өсірушілер мен диқандар қауымы ұрпақтарының бір қажетіне жарар деген ойдамыз.
Осыдан екі аптадай бұрын ғана Жыл басы – Наурыз мейрамын қарсы алдық. Күн мен түн теңелетін, табиғаттың жасарып-жаңғыратын Ұлыстың Ұлы күні – нағыз көктем мерекесі. Осы күннен бастап қазақ күнтізбесіндегі ай амалдары жалғасып кете барады. 27-28 наурыз – «Құс қанаты» деп аталады. Бұл күндері қалықтап қар жауады. Халық табиғаттың бұл құбылысын «қардың басын қар алады, жанның басын жан алады» деп ырымдайды. Кей жылдары жаңбырға да ұласады. 4-5 сәуір күндері – «От амалы» деп аталады. Қыстың біркүндік соңғы бораны соғып өтеді. Мұнан кейін қыс біржола қайтып, кей өңірлерде мал өріске шығады. Сәуірдің 28-29 жұлдызын – «Қызыр қамшысы» дейді екен. Бұл күндері аспанда алғашқы рет найзағай ойнап, жаңбыр жауады (кей жылдары біркүндік суық та түседі). Отау-отау болып, көкте жүзген жаздың бұлты шығады. 28-29 сәуір – «Бүршік жарған» деп аталады. Біркүндік суық болып, тобылғы, қараған бүршігін жарады. «Қызыл жұмыртқа» деп атайтын 9 мамыр күні адал құстар – қаз-үйрек жұмыртқасын жарып, қызылшақа балапандарын шығарады. 17-24 мамыр күндері «Құралайдың салқыны» өтеді. Жаңбыр жауып, осы жаңбырмен қоса ақбөкен лағын өргізеді. 29-31 мамыр – «Үркердің батуы» деп аталады. Үркер «шалшыққа батса», яғни, осы күндері жаңбыр жауса, жаз жаңбырлы болады деген ырым бар. Осыдан бір аптадан соң жаздың ыстығы басталады екен. Ол 40 күнге созылады. 15-17 шілдені «Үркердің толғағы» деп атайды. Арқаның табиғаты бұзылмай тұрғанда, бұл шамада аптаға созылған жаңбыр болған. Шілденің аптабынан кейінгі осы жаңбырды халық асыға күткен. 14-15 тамыз – «Таразының тууы» деп аталады. Халық арасында «таразы туса, таң суыр» деген мәтел бар. Күз нышаны, алғашқы суық білінеді. Бұлт қоюлана түседі. «Таразының туғанын лақ біледі, суға барған балалар жылап келеді» дейді екен. Себебі, таң ата салқыннан тоңып, лақ маңырайды, сол кезде балалар салқын суға түсе алмайды. 21-22 қыркүйекте – «Сүмбіле» жұлдызы туады. Ел арасында «Сүмбіле туса, су суыр» дейді екен. «Қабағын түйген күз» жаңбырлатып жетеді. 4-5 қазан – «Бозқырау» деп аталады. Алғашқы суық бой көрсетіп, мал тезегіне қырау тұрады. «Ақыраптың алты күні» 14- 19 қазанда келеді. Бұл күндері қазақ жұлдызшылары тезектің өте майда күлін сағат сайын ұшырып отырған. Сөйтіп желдің бағытын, күшін, бұлттың жоғары-төмендігін, алғашқы ұшқын қардың жобасын байқап, қыстың ауа райын болжаған көрінеді. 18-19 қарашада «Қараша қаздың қайтуы» өтеді. Жаңбыр жауып, соңы көктайғаққа ұласады. 4-5 желтоқсан – «Қырбастың қызылы» (М.Әуезов ақпан айы дейді) келеді. Алғашқы аяз күрт көтеріліп, 30-35 градусқа жетеді. 17-22 желтоқсан – «Текебұрқыл» деп аталады. Бұл – Арқаның атақты бораны. Осы шамада арқар, киік жұптасады.
1-2 қаңтарды – «Күн таласы», «Күн бой көтереді» дейді ел. Бұл күндері жапалақтап қар жауады, кейде жаңбыр да сіркірейді. 17- 25 қаңтар күндерін халық «Сары аяз», кей өңірде «Қыс шілдесі» деп атаған. Бұл күндері қысқы аяз шарықтау шегіне жетеді екен. 3-5 ақпанды «Үркер ауған» деп атайды. Шарықтап шыққан үркер жұлдызы бұл күндері төбеден солтүстік-батысқа қарай сырғиды. Осыдан кейін Арқада 30-35 градустан асар аяз болмайды. Бұл күндері бірер күндік бұрқасын жүріп өтеді. 17-23 ақпанда «Бөрісырғақ» өтеді. Бұл да атақты боранның бірі. Көкжал мен қаншық жұптасып, 62 күннен кейін бөлтіріктерін туады. 5-7 наурыз «Толқыма» деп аталады. Алғашқы жылымық шығып, күн жылына бастайды. 17-19 наурыз – «Майборан», «Босаға басы» деп те аталған. Босаға жұлдызының тууына байланысты қарлы боран соғады.
Аспан денелерінің галактикадағы қозғалысын, өзара орналасуларын терең зерттеген қазақтың жұлдызшылары, заманында осындай болжамдар жасаған. Бір ескеретін жайт – бұл болжамдар 3-5 күн ерте немесе кеш болуы мүмкін екен.
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ