Үздіктер марапатталды

Ұлытау ауданы әкімдігінде ҚР Мемлекеттік статистика қызметінің құрылғанына 100 жыл толуына және Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай, аудан әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт ОСПАНОВТЫҢ қатысуымен үздік мамандарды марапаттау рәсімі өткізілді.

Салтанатты рәсімдегі кіріспе сөзінде Мақсұт Сәрсембайұлы ауданның ауыл шаруашылығы саласында қол жеткізген жетістіктерін «жіпке тізгендей» саралап өтті. Оның ішінде егін шаруашылығын дамыту, егістік жерлерді игеру мен ет өнімдерін өндіру мәселесіне айрықша тоқталды. Ол сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар арқылы несиеге мал сатып алу жайын тілге тиек етіп, «Сыбаға» бағдарламасы аясындағы ілкімді істерге көңіл аударды. Құрылғанына ғасыр толған статистика саласы қызметінің қоғамда елеулі орны бар екенін атап өтті.

Үздіктер қатарынан көрінген тұлғаларды аудандық мәслихаттың хатшысы Талғат Сейтжанов құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

Аудан әкімдігі және аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасымен Мағауия Омаров, Марғұлан Бегаев, Светлана Григорович және Алмат Сакипов марапатталды. Ал, Ахметжан Жанұзақов, Болат Ершұманов, Мереке Нұрмағанбетова, Гүлмира Мұқанова, Есім Аманов, Құрмет Тілеулинов пен Алмас Биболовқа аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.

 Жасұлан АЯШЕВ.