Заң талабы – ашық қоғам кепілі: енді қоғамдық орында бет-әлпетті жасыруға болмайды
Қоғамдық тәртіп пен азамат қауіпсіздігі – мемлекеттің тұрақтылығының басты тірегі. Ашық қоғам орнатудың алғышарты – әр адамның жүзі, сөзі мен ісі айқын болуында. Сондықтан қоғамдық орында бет-әлпетті жасыруға тыйым салатын заңға енгізілген өзгеріс – уақыт талабынан туған шешім. Бұл қадам қоғамның рухани тұтастығын сақтау мен азаматтардың өзара сенімін арттыруға бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары қара киім киіп, тұмшаланып жүру мәселесіне бірнеше рет назар аударған болатын. 2024 жылғы 15 наурызда өткен Ұлттық құрылтай барысында Президент: «Соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек», – деген еді.
Ал 2025 жылғы 14 наурызда өткен IV Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы бұл ойын жалғастырып: «Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі, өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі», – деп атап өтті. Осылайша, Президенттің бұл ұстанымы қоғамда мәдени бағдар қалыптастырып, ұлттық болмысты сақтаудың маңызын айқындады.
Бұл көзқарас заңнамалық деңгейде де өз көрінісін тапты. 2025 жылы қолданыстағы «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңға түзетулер енгізіліп, қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге ресми түрде тыйым салынды. Бұл – жаңа заң емес, бұрыннан бар құқықтық нормаларды заман талабына сай жетілдірудің нақты көрінісі.
Заң жобасы 2025 жылғы 10 маусымда Сенатта мақұлданып, 30 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Ал 12 шілдеден бастап түзетулер күшіне енді. Енді адамның түр-сипатын анықтауға кедергі келтіретін киім – ниқаб, тұмша және соған ұқсас бұйымдарды қоғамдық орындарда киюге болмайды. Дегенмен, заңда ерекше жағдайлар қарастырылған: қызметтік міндет, медициналық немесе климаттық себеп, сондай-ақ мәдени және спорттық іс-шаралар кезінде қорғаныс мақсатында мұндай киім қолдануға рұқсат етіледі.
Бет-жүзді жасыруға шектеу қою тек Қазақстанда емес, көптеген елдерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданған шешім. Мәселен, Франция бұл бағыттағы заңды алғашқылардың бірі болып қабылдады. 2010 жылы бекітіліп, 2011 жылы күшіне енген заң бойынша қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге толық тыйым салынды. Тәртіп бұзғандарға 150 еуро көлемінде айыппұл қарастырылған. 2014 жылы Еуропалық адам құқықтары соты бұл тыйымды заңды деп танып, оның басты мақсаты – қоғамдық тәртіп пен «бірге өмір сүру» қағидатын сақтау екенін атап өтті.
Бельгия да 2011 жылы ұқсас заң қабылдады. Мұнда да қоғамдық орындарда тұлғаны тануға мүмкіндік бермейтін киім киюге тыйым салынып, 2017 жылы Еуропалық сот бұл шешімді қолдады. Сондай-ақ Австрия, Дания, Болгария, Нидерланд, Швейцария және Германия елдерінде де осындай нормалар бар. Ал Орталық Азияда Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекеттері діни сипаттағы тұмшаланған киімге қатысты шектеулер енгізіп, ұлттық дәстүрге сай киіну мәдениетін дәріптеуде.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай шектеулердің басты мақсаты – діни еркіндікті шектеу емес, қоғамдағы қауіпсіздік пен өзара сенімді сақтау. Бұл – өркениетті елдер ұстанған ортақ қағида.
Кейбір азаматтар бұл шешім діни еркіндікке шектеу ме деген сауал қойған еді. Алайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түсініктеме беріп, ниқаб киюдің исламда парыз еместігін нақтылады. ҚМДБ пәтуасында: «Ниқаб кию – ислам дінінде парыз немесе уәжіп саналмайды. Әйел адамның жүзі мен қолының ашық жүруі ханафи мәзһабы бойынша рұқсат етілген. Сондықтан бетті бүркеу – діни міндет емес», – делінген. Бұл заң сенімге емес, қоғамдық қауіпсіздік пен ұлттық дәстүрді қорғауға бағытталғанын көрсетеді.
Ашық қоғам – өзара сенім мен мәдениеттің тірегі. Бет-әлпетті жасыру тек дәстүрге емес, қауіпсіздікке де нұқсан келтіреді. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Заң және тәртіп – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры». Сондықтан бұл тыйым – мәдени шектеу емес, өркениетті қоғамның өзін-өзі қорғау тетігі.
Бет-әлпетті жасыруға тыйым салу – дінге қысым емес, ұлттың рухани және мәдени тұтастығын сақтау шарасы. Қара жамылу – қазақ халқының болмысына жат, ал ашық жүз – сенім мен адамдық қадірдің айнасы. Президент Тоқаевтың сөзімен айтқанда: «Заңды сыйлайтын ел қашанда берекелі болады». Сондықтан заң талабы – ашық қоғамның кепілі, ал ашық жүз – ел мәдениетінің айнасы.
Жанболат РАХЫМБЕРДИЕВ,
облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
Ұлытау ауданының Жастар ресурстық орталығының теологы.

