Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқандар әшкереленді

Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті облыстық Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп жəне облыс прокуратурасын үйлестіруімен 2022 жылдың 23 желтоқсанында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нəтижелері бойынша ұзақ уақыт бойы лицензиясыз жəне тіркеусіз айтарлықтай мөлшерде алкоголь мен темекі өнімдерін сақтау, тасымалдау жəне өткізу түрінде заңсыз кəсіпкерлік қызметпен айналысқан Жезқазған қаласының «К» тұрғыны əшкереленді.

Департамент осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 214-бабы 1-бөлігі бойынша (Заңсыз кəсіпкерлік) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.

Қылмыстық істі тергеп-тексеру барысында жоғарыда аталған тұлғаның салық қызметі органдарында кəсіпкер ретінде тіркелмегендігі жəне алкоголь мен темекі өнімдерін сатуға рұқсат құжаттарының жоқтығы анықталды.

Сонымен қатар, «К» азаматтың жалдаған қоймасында жəне оның тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізілді. Оның барысында 8855 литр мөлшерінде есепке алу-бақылау маркалары мен цифрлық таңбалаусыз 5 литрлік пластикалық бөтелкелерде халыққа сатуға дайындалған алкоголь өнімі, сондай-ақ 5821 қорап темекі өнімі табылды жəне тəркіленді. Көлеңкелі айналымнан алынған өнімнің жалпы құны 20 000 000 теңгеден асты.

Осылай, заңсыз кəсіпкерлік фактісінің жолын кесумен қатар, тұрғындардың сертификатталмаған алкоголь өнімдерімен жаппай улануына жол берілмеді. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тəртібіндегі өзге ақпарат жария етілмейді.

 Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті.