Әз Наурыз – дінмен үндес мереке
Шығыс күнтізбесі бойынша «Жаңа жыл» саналатын әз Наурыз – бірлік берекенің, шаттықтың, қуаныштың мейрамы. Дала мәдениетінің ұлы нышандарының бірі де бірегейі болған осынау Ұлыстың ұлы күні – ешқандай діни мереке емес! Ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан Наурыз мерекесі Ислам дініне қайшы да емес.
«Наурыз» сөзі – ежелгі парсы тілі бойынша, «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді екен. Тарихшылар әз Наурыз мейрамын қазақ халқы Ислам дінін қабылдамастан бұрын тойлағанын айтады. Көшпелі қазақ үшін бұл мейрам – күн мен түннің теңелуі, төрт түлік малдың аузы көкке ілініп, төрткүл дүниенің жаңғырып, жасаруы, қаһарлы қыстан «әупірімдеп» әрең шыққан жұрттың көктемді қарсы алуы деп түсінген жөн. Былайша айтқанда, әз Наурыз – көктем тойы, көтеріңкі көңіл мерекесі! Ұлыстың ұлы күні мұсылман дініне қайшы емес, керісінше Ислам дінімен үндес мереке екенін Мәшһүр Жүсіп бабамыздың еңбектерінен анық көруге болады. Қазақ халқында Наурызға қатысты «Жер-ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн», «Самарқанның көк тасы еріген күн», «көк құт (өсімдік) көзін ашқан күн» «Ұлыстың ұлы күні», «Жер бетіне жақсылық ұялаған күн» деген сияқты бейнелі сөз оралымдары көптеп кездеседі. Салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық асыл құндылықтарымызды ұлықтауда айрықша маңызды бұл мерекеге, қазақ халқы «әзиз» атауын қосып «әз Наурыз» деп қастерлейді. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып, өзіне де, өзгеге де тек жақсылық тілеген. Ендеше, Алланың Хақ діні – Исламға қайшылығы жоқ, еліміздің ежелден тойлап келе жатқан «Жыл басы» мерекесі құтты болсын!
Қонысбай ШЕГЕБАЙ,
Борсеңгір ауылы мешітінің имамы.