Өз ісінің майталманы

Кез келген салада жемісті еңбек етіп, өз ісімен көпке үлгі болып жүрген жандарды əркез құрметтеп жатамыз. Оларды өз ісінің майталманы деп те əспеттейміз. Сондай көпшілік құрмет тұтатын жандардың бірі, жүргізуші – Əскербек МЕДЕБАЕВ.

Əскербек негізінен қарашаңырақ Қарсақбайдың тумасы. Алайда, отбасы жағдайымен Жезді кентіне көшіп келіп, мектепті де осы жерде бітірген. Əскер қатарына да осы ауданнан аттаныпты. Свердловск қаласында, танкистер бөлімінде танкист болып екі жыл қызмет еткен екен. Техника тілін де сол əскер қатарында жүргенде үйреніп келіпті.

– Мен əскерден келгенде Жəйрем кен байыту комбинаты ашылып, Жəйрем кентінің құрылысы басталып жатыр екен. Жан жақтан жастар комсомолдық жолдамамаен осы екпінді құрылысқа келіп жатқан. Жездінің де өзім сияқты бір топ жастарын сол комсомолдық жолдамамен Жəйремге жіберді. Сөйтіп, кешегі кеңес өкіметі құлағанға дейін Жəйремде еңбек еттім, – дейді Əскербек өзінің жалындағын жастық шағы жайлы шабыттана отырып əңгімелеп.

Жəйремге келісімен техника тұғырына отырған Əскербек Медебаев тынысмыз еңбекке бел буа кіріседі. Жаз, қыс айларында автобус рөліне отырып жолаушылар тасымалдапты. Бірде көше аралық автобуста жүрсе, енді бірде қала аралық рейстерге шыққан.

– Күзде, егін орағы басталғанда əр өңірден шопырларды астық тасуға жіберетін. Мен өзіміздің Терісаққан совхозына көп келдім. Кей жылдары Қостанайға дейін бардым. Əуелде комбайын бастырған астықты қырманға тасыдық. Қырман толғанда техникалар үлгермей жататын. Сол уақытта ақталған астықты элеваторға жеткізетінбіз. Жаспыз ғой, уақытпен санасу дегенді білмедік. Ол кезде қоғам да бөлек, жұмыс та қауырт, өмір де қызық еді. Бəрі солай тұра беретіндей көрінген. Бірақ…

Əсекең өзінің нағыз дер шағының қызықты еңбекпен өткеніне масайрағанымен, сол өмірдің осылай талан-таражға түскеніне қатты күйінісін де білдірді.

Тегі, уақыт бір қалыпты тұрмайды. Оның күнгейі де көлеңкесі де болады. Сол бір көлеңкелі кез кешегі тоқырау жылдары еді. Оның салдары іргелі өндіріс ошағының да шаңырағын шайқады. Жəйрем кен байыту комбинатының да жұмысы тоқырап, ел жан-жаққа көше бастады. Сол лекке ілескен Əскербек те Жезді кентіне көшіп келді.

– Жəйремнен келген жылы Жездідегі сельхозтехника мекемесіне жүргізуші болып жұмысқа тұрдым. Сонау Бозшакөлден шөп тасыдық. Бірақ, бұл жұмыс та ұзаққа бармады. Кеңшарлар ыдырып, мал мен техника жекеге пайға берілді. Оның өзін қолы жеткендер алды. Ал, мен сияқты кеше ғана келгендерде бұрау да бұйырмады, – дейді Əскербек. Қазір Əсекең Жезді кентіндегі балалар бақшасында жүргізуші болып еңбек етеді. Мұның өзіне 15 жылдай уақыт болып қалыпты. Негізгі міндеті балабақшаның «Газель» көлігімен бүлдіршіндерді түрлі іс-шараларға тасу. Қалада, аудан орталығында өтетін байқауларға қатысатын балаларды «Газеліне» салып алып, жүйткіп бара жатады. Отыз жылдан астам рулде келе жатқан, тəжірибесі мол, өз ісінің майталманы Əскербекке бүлдіршіндердің ата-аналары да сенімді…

Аманкелді АҚШАЛ.