Өз ісінің білгірі
«Əр адам бірін-бірі қайталамайтын жеке дара құбылыс» дегені рас. Əсіресе, табиғатынан болмысы бөлек жандар – өзгелерге қарағанда шоқтығы биік тұрады. Қашан көрсең де адами қалпын жоғалтпай, қарапайым əдетінен айнымай, үнемі елпең қағып жүргені. Сондай адал еңбегімен абырой биігінен көрініп жүрген еңбек ардагері – Қуаныш ОРАЛБАЕВ.
Ол кісіні аудан халқы жақсы біледі, құрмет тұтады. Онысы əрине, орынды да. Өйткені, оның өмір жолы, еңбек жолы өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай. Бүгінде ол қандай құрметке болсын лайықты жан. Əйтсе де ол мақтаншылықтан аулақ, өзін мақтағанды ұната қоймайды. Десек те, адал ісі мен төгілген терінің жемісі, оның еңбекқор адам екенін əлдеқашан елге мойындатқан. Ол бар саналы ғұмырын электр саласына арнаған өз кəсібінің білгірі. Нағыз еңбек адамы.
Қуаныш Тəшейұлы 1950 жылы 12 тамызда Жезді кентінде дүниеге келген. 1967 жылы №6 Жезді орта мектебін бітірісімен Алматы қаласындағы «Еңбек Қызыл Ту» орденді ауыл шаруашылығы институтының «Ауыл шаруашылығын электрлендіру» факультетіне оқуға түседі. Ауыл баласына электр тоғының қыр-сырын орыс тілінде меңгеру оңайға түспеген, бірақ жасынан алғыр, талапты жас бойына біткен табандылықтың, əрі болашақ мамандығына деген сүйіспеншіліктің арқасында қиындықты жеңіп, аталған оқу орнын үздік дипломмен бітіріп шығады. Білімге құштар азаматтың талантына тəнті болған оқытушылары оның жоғары оқу орнында қалуын қалайды. Бұл ұсыныстан Қуаныш Тəжейұлы бірден бас тартады. Сол кезде-ақ, өз туған жеріне электр саласының маманы қажет екенін ойласа керек. Сөйтіп, 1972 жылы алғашқы еңбек жолын Ұлытау ауданының орталығында бастайды. Міне, содан бері талай жыл өтті. Зейнеткерлікке шықса да бұрынғы кəсібімен айналысып келеді.
Өткенге көз салсақ, 1973 жылы Ұлытау жеке аудан болып құрылғанда, тұрмыс пен халық шаруашылығына электр қуатын енгізуге көп күш жұмсады. Ауыл шаруашылығын электрлендіру жұмысын Қуаныш аға қолға алып, елді мекендерге тыңнан түрен салды. Сарыкеңгір кеңшарының (қазіргі Малшыбай ауылы) сүт фермасын электрлендірілуіне үлкен үлес қосты. Кейіннен басқа ауылдарға да осы негізде электр қондырғыларын орнатуға қолғабысын тигізді. 1976-1990 жылдары Ұлытау, Аманкелді, Терісаққан, Егінді, Шеңбер ауылдарының мал бордақылауына арналған азық цехын электрлендірді. Соның нəтижесінде, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық жоғары кернеулі электр станциясында бас маман болып еңбек етті. Бергі жылдардың өзінде аудан аумағындағы мектептерге лингофон, компьютерлік кабинеттерді іске қосуда, компьютерлік томограмманы аудандық ауруханаға орналастыруда осы кісінің еңбегі елге мəлім.
Бүгінгі таңда ауылдың да тыныс-тіршілігін электр энергиясынсыз елестету мүмкін емес. Күнделікті қолданыстағы тұрмыстық құрал-жабдықтардың өзі түгелдей ток көзіне тəуелді. Технологияның барынша дамыған заманында электр энергиясы адамзат баласының өмірдегі басты қажеттілігіне айналып отыр. Ал, Қуаныш аға осы тұрғыда аудан халқына зор көмегін тигізуде. Оны əркез жергілікті тұрғындар іздеп жүргені. Бұлай іздейтін реті де бар. Ол кісі тұрғындардың күнделкті тұрмысқа қолданатын электр құралдарын жөндеп беріп жатады. Бір таңқаларлығы, заманауи үлгідегі электр қондырғыларын жөндеуді еркін меңгеріп алған. Тіпті, көліктегі ток ақауларын жылдам тауып, тез арада жөндеп беріп жүргені. Бұл оның өз кəсібін жетік білгенінің арқасы болар. Турасын айтқанда, Қуаныш аға электр саласының жұмысын бес саусақтай білетін адам. Оған деген аудан халқының алғысы да зор. Зейнеткерлікке шықтым деп үйде қарап отырмай өз кəсібін жетік білгендіктің арқасында нəпақасын тауып жүр . Жаз айында ол кісіге күн сайын маза жоқ. Тіпті, шалғай елді мекендегі фермерлер де тапсырыс беріп жатады. Бір ғажабы, Қуаныш аға ешкімнің көңілін қалдырмайтын ақ көңіл, кең пейілді жан. Кімге болса да қолғабыс тигізуден жалыққан емес. Оның бойында жауаптылық пен адалдық берік қалыптасқан. Сонысымен өз ортасында сыйлы, құрметті.
Бүгінде Қуаныш Тəжейұлы өмірдегі жары Шолпан апай екеуі екі бала тəрбиелеп жеткізіп, немере сүйіп отырған жандар. Қуаныш ағаның зайыбы Шолпан Жалғабекова көп жылдар бойы №1 Ұлытау орта мектебінде мұғалім болып зейнет демалысына шыққан. Екеуі де өңірді өркендетуге, ілгерілетуге күш салды, елдің алғысына бөленді. Олар үшін атақ пен абырой – халық сенімінен шығу, қарапайым адамдардың алғысы. Адал еңбек пен еңбекқорлық бұл отбасының бойына біткен тиесілі қасиет. Алдағы күндері Қуаныш Тəжейұлының еңбегі еленіп, тиісті марапатқа иеленіп жатса, ол да артық емес. Өйткені, ол кісінің ауыл шаруашылығын электрлендіруге қосқан үлесі көп. Осыған қарағанда, оның электр саласына сіңірген еңбегі мол, бір кітапқа жүк боларлық дүние. Тұтас ғұмырын шағын жазба аясына сыйғызу мүмкін емес. Əйтсе де, ел-жұртының құрметіне бөленіп отырған Қуаныш Оралбаевтың өмір өрімін тоқсан ауыз сөзбен тобықтай түйгендей болдық.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.