Қызылша ауруы туралы не білеміз?
Қызылша – вирустан туындайтын өте жұқпалы, ауыр түрде өтетін сырқат, аталған аурумен сырқаттанған адамның орталық жүйке жүйесі зақымдалады. Қызылша əлем бойынша ерте жастағы балалардың өліміне əкеп соқтыратын негізгі себептің бірі болып қалуда.
Ауру қалай беріледі? Инкубациялық кезең 7-21 күн аралығында созылады, жұқпа көзі – науқас адам. Ауру ауа-тамшылы жолымен науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде беріледі. Ауру өте жұқпалы, яғни бұрын сырқаттанбаған адам қызылшамен ауыратын науқаспен қарым-қатынаста болғанда сырқаттану қаупі өте жоғары (егілмеген жағдайда). Сондай-ақ ауру қоздырғышы ауа арқылы көшуі мүмкін, мысалы көппəтерлі үйлерде баспалдақ, желдету шахтасы арқылы. Вирус ауада немесе инфекция жұқтырылған беткейлерде 2 сағатқа дейін белсенді жəне жұқпалы болып қалады.
Қызылша дене қызуының көтерілуі, бас ауыруы, жөтел, мұрыннан су ағумен басталады. Көздің зақымдануы – жасаурау, конъюнктивит (қабақтың шырышты қабаттарының қабынуы) белгілі жағдай. Негізгі белгілері жіті респираторлық вирустық инфекцияларға ұқсас, 2-3 күнге дейін (кей кездері 5-6 күн) сақталады, одан кейін қызғылт нүкте – бөртпе пайда болады, олар бірбірімен қосылып даққа айналады. Алғашында адамның басында (құлақ арты, беті) пайда болады, бөртпе ақырындап 2-3 күннің ішінде төменге түсіп, аяққа дейін жетеді.
Асқынулары. Қызылшадан өлім жағдайының көбісі осы аурумен байланысты асқынулардан пайда болады. Ең күрделі асқынулар – соқырлық, энцефалит (бас миының ісінуіне жеткізетін инфекция), құлақ инфекциялары жəне пневмонияға əкеп соқтыратын жоғары тыныс алу жолдарының инфекциялары. Кез-келген асқынулардан науқас өліп кетуі мүмкін.
Кімдерге қауіп төнеді? Егілмеген барлық балалар мен ересектерге қауіп бар. Көбінесе ересектерде қызылша ауыр ағымда өтеді. Соңғы кезде вакцинацияға қарсы адамдар көбейген. Атааналар балаларын ектіруден бас тартады, себебі екпенің салдары туралы жалған пікірлерден қорқады. Екпеге қарсы адамдар ғылыми немесе медициналық тұрғыдан дəлелденбеген, өздерінің дəлелі ретінде əлеуметтік желілердегі негізсіз қауесетке сүйенеді. Қазақстанда халықты иммундауға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған вакциналар қолданылады. Заң міндетті вакцинациялауға күштеп немесе еріксіз көндірмейді. Егуді жүргізуге келісім беру тек ата- ананың құқында, бірақ екпеден бас тарту арқылы олар баланы екпе алу жəне дені сау болу құқығынан айырады.
Инфекцияға қарсы ең қолжетімді жəне тиімді шара вакцинация болып табылады. Қызылшаға қарсы вакцина 20 жылға дейін сақталатын иммунитет қалыптастырады. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сəйкес екпе жоспарлы түрде 12-15 айда жəне қайта егу 6 жаста жүргізіледі. Қызылшаның арнайы емі жоқ, бірақ вакцинация арқылы сырқаттан қорғануға болады.
Егерде Сіз немесе Сіздің балаңыз сырқаттанған жағдайда келесі шараларды орындау қажет:
— шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну (тұрғылықты жері бойынша емханадан дəрігер шақырту немесе ауыр жағдайда жедел жəрдем шақырту);
— емханаға өз бетінше бармай, дəрігерді күту;
— дəрігер келгенше туыстар, таныстар жəне басқа да адамдармен қарым-қатынаста болмау;
— дəрігерге шетелде қай кезеңде жəне қай елде болғаныңыз туралы айту;
— жөтелгенде жəне түшкіргенде ауыз бен мұрынды қол орамалы немесе сүрткіш арқылы жабу, қолды сабынды сумен жиі жуу немесе қолды тазалауға құрамында спирт бар тазалағыш затты қолдану;
— тыныс алу жүйелерін қорғайтын заттарды қолдану (мысалы бетперде тағу);
— өз бетінше емдеумен айналыспау.
Сондықтан профилактикалық егулерді жүргізу үшін салмақты жəне ақылға қонымды шешімдер қабылдаңыз. Əр адам өз денсаулығы мен баласының денсаулығы үшін немқұрайлы болмауы керек. Өзіңізді жəне жақындарыңызды негізсіз тəуекелге ұшыратпаңыз – қажетті профилактикалық егулерді уақытылы алыңыз.
«Ұлытау аудандық санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ.