Қыз үзеңгісі

Үзеңгі – ер-тұрман әбзелдерінің бірі. Ол ердің екі қапталына қайыс бау арқылы тағылады. Үзеңгінің жоғарғы жағында таралғы өткізетін тесік болады, ал аяқ киімнің табаны тұратын жері тұтас сопақша болып келеді. Археологиялық зерттеулер пайымына қарағанда үзеңгі б.з.б. I-мың жылдықтан бастап қолданылып келеді. Ол атқа оңай мініп-түсу үшін және ат үстінде мығым отыру үшін пайдаланылады.

Ұсталар үзеңгіні ағаштан, қоладан және темірден соққан. Ағаш үзеңгілер қайыңнан иілген. Ол қыс мезгілінде аяқты суық қарымас үшін қолданылған. Қыздар мен әйелдерге арналған үзеңгі жеңіл әрі оюлы әшекейленген. Ал, ер адамдар үзеңгісі берік қалың темірден жасалады. Темір үзеңгілердің сырты күміспен қапталып, әшекейленіп, ою-өрнектермен безендірілген. Халық арасында үзеңгінің бірнеше түрлері – жалпақ табан, торлама, қыз үзеңгісі, қалмақ үзеңгі болған.

Ғалымдардың пікірінше, атты әскердің пайда болуын үзеңгіні ойлап табумен байланыстырады. Жауынгер шауып келе жатқан аттың үстінде үзеңгіге аяғын тіреп тұрып найзасын сілтегенде, оның күші екі есе артқанын айтады. Бұл қарапайым ат әбзелі көшпелі өркениеттің өркендеуіне игі ықпалын тигізген.

Біз ұсынып отырған суреттегі үзеңгі «Қыз үзеңгі» түріне жатады. Ұлытау ауданының тұрғыны Күлән Әбілғазинаның анасына нағашы атасы ұзатыларда ер-тұрман жасаттырып сыйға артқан екен. Бұл – сонда арнайы соғылған үзеңгі. Бастапқыда үзеңгінің сырты күміспен қапталған екен.

Бұл жәдігер бүгінгі күні «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығында сақтаулы тұр.

Қымбат МАҒЗҰМОВА,

«Ұлытау» ұлттық тарихимәдени және табиғи-музей қорығының экскурсоводы.