Ынтымағы жарасқан әулет

Қазақ халқында: «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген аталы сөз бар. Бүгінде еліміз ырысы мен ынтымағы жарасқан мемлекет болып қалыптасты. Осы бірлікті, ұлтаралық келісім мен ынтымақты айғақтайтын мереке – 1 мамыр. Бұл мереке – еліміздегі 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдеріне шынайы құрмет пен қошемет көрсетілетін мейрам. Яғни, Қазақстан халқының бірлігі күні. Ал, бүгінгі бірлігіміз ұлттар арасындағы ынтымақ пен жарасымды татулықтың көрінісі арқылы аңғарылады. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлытау ауданында тұратын түрлі ұлт өкілдері қашан да татулықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Солардың бірі – Фанзила МИННЕМҰХАМЕТҚЫЗЫ. Ауылдастары оны Фанзила емес, «Таня» деп атап кеткен.

Əңгімені əріден бастасақ, Таняның əкесі Миннемұхамет Хикматуллин техника тілін бес саусақтай білетін майталман механизатор еді. Осы аудандағы «К-700» алып техникасының тізгінін ұстаған белгілі механизаторлардың бірі. 1972 жылы Миннемұхамет отбасымен Жаңаарқа ауданынан ұлт ұясы – Ұлытауға көшіп келеді. Ол кезде Таня небəрі 16 жаста екен. Сол жылы №1 Ұлытау орта мектебінің 10 сыныбына қабылданады. 1973 жылы мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы экономика-қаржы техникумына түсіп, бухгалтер мамандығын алып шығады. Кеңес дəуірінде аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімде есепші қызметін атқарады. Еліміз Тəуелсіздік алғаннан кейін сауда-саттыққа əрекеттер жасалғаннан бастап, саудамен айналысады. Бастапқыда өзі тұратын баспанасының бір бөлмесін сауда орыны етіп ашады. Жасынан еңбекпен біте қайнасқан Таня нарықтық экономикаға да тез бейімделеді. Ел-жұртына жеке кəсіпкер ретінде танылып, жақсы пікірде бағалана бастайды. Енді бүгін аудан орталығында жеке азық-түлік дүкені бар. Жасы 67-ге келсе де нəпақасын маңдай терімен айырып жүрген Таня осы дүкеннің сатушысы, əрі иесі.

Тағдырдың жазуымен ол 1975 жылы Ұлытау ауылындағы өнегелі, өсіп-өнген үлкен əулетке келін болып түседі. Ата сыйлап, ене тəрбиесін көріп, қайынжұртына сыйлы келін болады. Жүзінен нұры төгілген Таня қазақы ортаға əбден сіңсіп кетеді. Оның айғағы, қазақы салт-дəстүр мен əдеп-ғұрыпты құрметтеуден бөлек, жұбайы Серік Мұсабековтің тегіне өтіп, фамилиясын «Мұсабекова» деп өзгертуінде жатыр. Ал, бүгінгі күні Серік ағамыздың ұрпағын өрбітіп отырған бес ұлдың анасы, 14 немеренің аяулы əжесі.

Жаратылысынан еңбекқор Таня сыртқы шаруаларды да ерімен бірдей атқарды. Күйбең тірлігі күнбе-күн жалғасып жатқан ауылда ерінің тапқан табысын ұқсатып, шаңырақтың берекесін келтіріп, басқаларға үлгі-өнеге бола білді. Қазірде аудан экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан кəсіпкерлердің бірі. Несие алып, қарызға белшесінен батқан жан емес. Жаратқан ием көп берсе шүкіршілік етіп, аз берсе қанағат етіп өмір сүріп отырған отбасылар қатарынан.

Меніңше, адам бойына іскерлік, қабілет туа бітетін секілді. Олай дейтін себебім, Таня кез-келген істің ыңғайын оңай таба білетін адам. Өйткені, ол еңбек арқылы халыққа қызмет жасайтын экономикалық адам деген ұғымды қалыптастыруға ұмтылды. Соның жолында кəсіпкерлік игі істерді дəлелдей алды. Жары Серік екеуі балаларын өсіріп, оларды еңбекке баулыды. Тұңғышы – Мəди жаңа дүкен құрылысын салып, өз алдына саудамен айналысып отыр. Екінші ұлы – Талғат жеке шаруа қожалығын ұстап отырған белгілі азамат. Əкесі мен анасының кеңесімен мал шаруашылығымен айналысып шаруасын шалқытып келеді. Қала базарларына ет, сүт, қымыз өнімдерін шығарып, осы Ұлытау өңірінде ауыл шаруашылығын дамытуға өзіндік үлес қосып келе жатқан азаматтардың бірі. Оның зайыбы – Гүлдана Жеңісқызы аудандық мəслихаттың депутаты. Ортаншы ұлы – Ринат аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы. Елдос пен кенже ұлы Сұңғат заманауи үлгімен пəтерлерге терезе, есік салумен айналысады.

Жалпы айтқанда, бұл əулет кəсіпкерлік саланы терең меңгерген отбасы. Əкесі Серік пен анасы Таняның көрсеткен үлгі істері мен өнегесін өмірлік қағида, бағыт берер бағдаршам ретінде қабылдаған жандар. Дəл қазір балалары ата- ана өнегесімен кəсіпті нəсіп етіп, табыстың тай қазанын тасытып отыр. Ырзығын қарапайым еңбектен тапқан Мұсабековтер өмірі көпке үлгі десем артық айтқандық емес.

Бір ғажабы, Таня аудандағы өзге ұлт өкілдерінің басын біріктіріп, олардың қазақ ұлтына деген пейілін, ниетін жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Түрлі ұлт өкілдерінің тату-тəтті өмір сүруіне əр кез ықпал жасауда. Бұл оның көрегендігі болар…

Тағы бір айта кетерлігі, балаларының бойына қазақы ұлттық құндылықтарды дарыта білген жан. Сондықтан болар, оның балалары кімге болса да қолғабыс тигізуге əзір. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетуге деген құрметтері ерекше. Ал, Таняның ойы Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен деп тілейді. Шынында да, бір шаңырақ астындағы елдің келешегі ортақ. Қазақстан халқының күш-қуаты осында.

Қайрат ЖҰМАБАЙ