Облыс әкімінің грантын иеленді
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК өз кәсібін ашуға және бастаған ісін одан әрі дамытуға ынталы жастарды қолдау мақсатында жалпы сомасы 100 млн. теңгені құрайтын арнайы грант тағайындаған болатын. Бұл, әрине, жас кәсіпкер үшін таптырмас мүмкіндік. Облыс басшысы грантының алғашқы бөлігі – 50 млн. теңге өз иелерін тапты. Қайтарымсыз грантты иеленуге үміткер болған ұлытаулық төрт жас кәсіпкердің екеуі жеңімпаз атанып, мерейлі өсті.
Аудан әкімдігінде арнайы ұйымдастырылған жиында аудан әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев облыс әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамыту мен қолдауға арналған гранты сертификатын жеңімпаздарға салтанатты жағдайда табыс етіп, еңбектеріне жеміс тіледі. Әрқайсысы 1 млн. теңге сомасындағы грантты жеңіп алғандар – аудан орталығының тұрғындары Перизат Ерназар мен Бибіхан Оспанова.
Перизат бұл қаржыға мектеп оқушыларын қосымша оқытуға арналған білім беру орталығын ашуды қолға алмақшы. Ал Бибіхан болса, сұлулық салонын іске қосуды жоспарлап отыр.
Жыл соңына дейін облыс әкімі грантының екінші бөлігі – 50 млн. теңге сарапқа салынады. Оған Ұлытау ауданынан үміткер ретінде 17 жас азамат қатысатын болады.
Жасұлан АЯШЕВ.