«ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ» — ҚАЗАҚТЫҢ АТА САЛТЫ
Өткеннің өнегелі дәстүрі қайта жаңғырмақ. 12 жыл бойы аймағымыздың Ұлытау ауданында ғана тойланып келе жатқан «Қымызмұрындық» мерекесін енді ел болып атап өтпекпіз. Ескіріп, ескерусіз қалып бара жатқан ата салтты жандандыруға кімнің еңбегі сіңді? «Қымызмұрындықты» өткізудің алғы шарты қандай? Бұл жөнінде әріптесім біліп көрді
Қыс қаһарынан қажып, көктемнің шуақты күндеріне асыққан көшпелі халық үшін наурыз айының орыны бөлек. Ежелден ел болып атап өтетін дәстүрлер де ерек еді. Солардың бірі бүгінде жоғалып бара жатқан – қымызмұрындық. Бұл күні жылқыны төрт түліктің төресі санаған ата-бабамыз алғаш бие байлағанын ырым көрген. Осылайша жаңа жылда алғаш рет күбіде пісілген сусынды жалғыз емес, жұртпен бөлісіп ішуді дәстүрге айналыдарыпты. Бүгінде аталмыш айтулы күн тек Ұлытау ауданында еленіп келеді.
Бақтияр ҚОЖАХМЕТОВ, «Ұлытау» ұлттық тарихи – мәдени және табиғи музей – қорығының директоры:
-Қымыз жиналғаннан кейін жұрттың бәріне қымызмұрындық жасайды. Сол кезде бір-бірімен көрісіп, үлкен мерекеге айналдырады. Ең бірінші қымызды алу рәсімі. Осы көнеден келе жатқан дәстүрімізді кеңінен таратуымыз керек. Бұл ұлттық деңгейде, тіпті түркі әлемі деңгейінде өтетін мереке болуы керек.
Бүгінде олқылықтың орыны толтырылып, түп тарихымызбен сабақтасқан ата-дәстүр қайта жанданбақ. Бұған жақында ғана мәдениет және спорт министрлігінде қабылданған шешім септеспек. Аталмыш ведомствада өткен жиналыста ұлытаулық Баяқтияр Қожахметов министрге «Көкмайса» фестивалін, былайша айтқанда қымызмұрындықты ел болып атап өтуді ұсынды. Енді мереке індеттің беті қайтқан соң кең көлемде тойланбақ.
Бақтияр ҚОЖАХМЕТОВ, «Ұлытау» ұлттық тарихи – мәдени және табиғи музей – қорығының директоры:
-Мен ол жерде баяндама жасадым. 12 жылдан бері Ұлытауда өткізіп жүрген «Көкмайса» фестивалін, қымызмұрындықты болашақта республикалық деңгейде өтсін деген ұсыныс жасадым. Сол жиналыстың нәтижесінде министр шешім қабылдады. Енді республикалық деңгейде тойланады.
Атап өткен жөн, қымызмұрындық ЮНЕСКО тізіміне еніп, ұлт құндылығын еселейтін деңгейді айқындай түсті.