Ғылым мен ерлікті тоғыстырған тұлға

Ұлытау – қазақ халқының тарихи жады мен рухани тамырын тереңге тартқан қасиетті өлке. Осы киелі топырақтан шыққан талай дара тұлғалар елге еңбек етті, ғылымға жаңалық қосты, ұлт руханиятына үлкен үлес қосты. Солардың бірі – тағдырдың талай ауыр сынынан өтіп, өмірін ғылым мен ел игілігіне арнаған көрнекті геолог-ғалым, ұстаз әрі Ұлы Отан соғысының ардагері Айтжан Абдоллаұлы Абдуллин.

Биыл барша ел-жұртымыз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын айрықша атап өткені мәлім. Бұл тарихи белес – батыр бабалардың ерлігін дәріптеп, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп жеткізудің маңызды кезеңі. Осы орайда Ұлытаудың біртуар перзенті, майдангер-ғалым Айтжан Абдуллиннің өмір жолына тоқталу – парыз әрі құрмет.
Айтжан Абдоллаұлы 1924 жылы Ұлытау өңірінде, нақты айтқанда, беделді Жырық руының ұрпағы болып дүниеге келеді. Арғы аталары – Сандыбай, Төлеп, Өтеп, Сарыбай, Жырық батыр – аты аталған елге ұйытқы болған ірі тұлғалар қатарынан. Алайда өмірдің алғашқы кезеңінен бастап, тағдыр тауқыметі алдынан кесе-көлденең шығады. Нәресте кезінде ата-анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленеді. Жетімдіктің ащы дәмін татып өскен бұл бала болашақта қиындыққа мойымайтын қайсар мінездің иесі болатынын ерте көрсетті.
1941 жылы небәрі 16 жасында майданға сұранып, Ұлы Отан соғысына аттанады. Айтжан атамыздың Ұлы Отан соғысына қайсар мінезімен белсенді түрде атсалысып, неміс басқыншыларын жеңіп, одан Жапон соғысынан абыроймен оралғаны бір азаматтың басына жетерлік ерлік пен еңбек, ұлтжандылық пен отансүйгіштік тұрғыдағы жетістік. Айтжан атаның соғыс жылдарындағы дивизия командирі болған генерал-лейтенант С.Е. Поповтың «Отты шептер» атты кітабынан (Москва. Воениздат, 1989) үзінді келтірейін: «Алматыда бұрынғы ержүрек барлаушы болған майдангер Айтжан Абдоллаұлы Абдуллин тұрады. Ол бүкіл соғыс жылдарында қан майданның алғы шебінде болды, бірнеше рет жарақаттанды, емделгеннен кейін өзінің гвардиясына, туған полкіне оралып отырды. Өжет офицер барлаушының төсін көркейткен «Қызыл жұлдыз» екі ордені, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдары жарқырап тұр», — дейді. Генерал үшін әрі мадақ, әрі алғыс, әрі досқа деген құрмет қой. Ал, біздің жас ұрпақ үшін бұл нағыз үлгі, өнеге аларлық батырлық қасиетті көрініс емес пе?!.
Өз естеліктерінде Айтжан Абдуллин: «Мен Кеңестер Одағы деп аталатын алып Отанымды жаудан аластау арқылы өз елім Қазақстанды, туған топырағым Ұлытауды да сол жаудан қорғадым деп есептеймін», – деп жазады. Бұл сөздер оның еліне деген адалдығы мен жүрек түбіндегі перзенттік сүйіспеншілігін айғақтайды.
Соғыстан кейін қоғамдық өмірге белсене араласып, кейіннен ғылым жолына түсті. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің геология факультетіне оқуға түсіп, студент кезінен-ақ ерекше қабілетімен көзге түсті. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың тікелей қолдауына ие болып, аспирантурада минералогия саласы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді.
1958 жылы Орталық Қазақстанның алтын-мысты-турмалинді формациялары жайлы диссертациясын қорғап, ғылымға іргелі үлес қосты. Кейіннен Геология институтын ұзақ жылдар басқарды, Қазақстан Ғылым академиясының вице-президенті болды. Оның еңбектері тек теорияда ғана емес, өндірістік қолданыста да үлкен мәнге ие болды.
Айтжан Абдуллин тек ғалым ғана емес, ұрпақ тәрбиесіне зор еңбек сіңірген ұстаз болды. ҚазҰТУ-да дәріс оқып, бірнеше буын жас геологтарды тәрбиеледі. Ол үшін ұстаздық – тек білім беру емес, өмірлік өнеге көрсету еді.
2004 жылы жарық көрген «Тағдыр толқынында» атты мемуарлық еңбегінде ол өзінің өмірлік тәжірибесін, соғыстағы естеліктерін, ғылымдағы ізденістерін жинақтап, келер ұрпаққа қалдырды. Бұл кітап – бір адамның ғана емес, тұтас дәуірдің айнасы.
Жетімдіктен басталған балалық, майдандағы ерлік, ғылымдағы табандылық – бәрі де Айтжан Абдуллиннің тұлғалық болмысын қалыптастырды. Ол – ар-ождан мен ғылымды қатар алып жүрген, халқына адал қызмет еткен шынайы азаматтың бейнесі.
Айтжан атамыз 2010 жылдың 13-ші маусымда 86 жасында қайтыс болған және Алматы қаласы Кеңсай зиратында жерленген.
2025 жылы 18 тамыз күні ғалымның қызы, Қазақстан ғылымының жанашыры Сәуле Айтжанқызы Абдуллина Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейіне арнайы келіп, әкесінің кітабын музей қорына табыстады. Бұл – Айтжан Абдоллаұлының өмірі мен еңбегін насихаттауда, кейінгі ұрпаққа өнеге етуде зор маңызға ие құнды жәдігер.
Ұлытаудың біртуар перзенті ретінде Айтжан Абдоллаұлы Абдуллиннің есімі мен еңбегі ел жадында мәңгі сақталмақ.

Светлана ОМАРОВА,
Ұлытау аудандық
тарихи-өлкетану музейінің
кіші ғылыми қызметкері.