Яхия Жақыпбекұлы АСАТОВ

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Яхия АСАТОВ 84 жасқа қараған шағында фәни-жалғаннан бақи-дүниеге озды.

Яхия Жақыпбекұлы Ұлытау ауданы аумағындағы Кішітау баурайында орналасқан «Сәдір ата» қыстағында дүниеге келген.
Ол 1958 жылы Жезқазған кентіндегі №7 қазақ орта мектебін тәмамдаған соң Жезқазған кен басқармасының №51-54 шахтасына тау-кен жұмысшысы болып орналасады.
1966 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Алматы политехникалық институтын тау-кен инженері- автоматикаландыру электромеханигі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жоғары білім алғаннан кейін Оңтүстік Жезқазған кенішіне механик болып қабылданады.
Өресі биік, білімі мен білігі келікен азамат шахтада учаске бастығы, кеніштің бас энергетигі қызметтерін атқарады. Кәсіподақ комитетінің төрағасы лауазымына сайланады.
– 1985-1986 жж. – Жезқазған тау-кен комбинаты бас энергетигінің орынбасары.
– 1986-1989 жж. – Қазақ КСР Түсті металлургия министрлігі «Казэнергоцветмет» басқармасының бастығы.
– 1989-1991 жж. – Сәтбаев қаласындағы құрылыс-монтаж тресінің басқарушысы.
– 1991-1993 жж. – Сәтбаев жылумен, сумен қамту кәсіпорнының директоры.
1993 жылы «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі бас энергетигінің кеніштер жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, осы қызметті зейнет жасына жеткеннен кейін де жалғастырады.
Ол өмірінің соңғы жылдарына дейін «Электр жабдықтарына сервистік қызмет көрсету» басқармасында еңбек етті.
Оның 3 өнертапқыштық және 150-ден аса рационализаторлық ұсыныстары өндіріс үдерісіне енгізілген.
Яхия Жақыпбекұлы – «Құрмет» орденінің, көптеген медальдар мен төсбелгілердің иегері.
Ақынжанды, пейілі қардай аппақ абыз ақсақал өмірінің соңғы сәтіне дейін өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени өміріне белсене араласты.
Ұлытаудың ұлағатты ұлы Яхия Асатовтың есімі мен жарқын бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ жылдар сақталады.
***
Асылтекті ағаның отбасы мен туыс-туғандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Марқұмның иманы кәміл, топырағы торқа, арты қайырлы болсын!

Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау ауданының әкімі лауазымына «AMANAT» партиясынан ұсынылған
үміткер.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«AMANAT» партиясы Ұлытау аудандық филиалының төрағасы.
Ұлытау ауданының әкімі лауазымына «AMANAT» партиясынан
ұсынылған үміткерді қолдау жөніндегі ұйымдастыру
комитетінің мүшелері.