Волейболдан жарыс өтті
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында волейболдан ерлер арасында аудандық жарыс өтті. Оған Жезді, Қарсақбай, Ұлытау, Қаракеңгір, Аманкелді, Шеңбер, Егінді өңірлерінен командалар қатысты.
Спорттық іс-шара ҚР Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек пен аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жалпы, жарысқа қатысушы командалар А және Б тобы болып, екі топқа бөлініп, өз топтарынан айналмалы жүйе арқылы ойын өрнегін көрсетті. Әр топтан бірінші және екінші орын алған командалар өзара жүлделі орындарды анықтады.
Нәтижесінде ІІІ орынға Жезді командасы ие болып, 50 мың теңге ақшалай сертификатқа иеленді. ІІ орынды Қаракеңгір командасы еншілеп, 80 мың теңгелік ақшалай сертификатты алды. І орын алған Аманкелді командасына 100 мың теңгелік сертификаты табыс етілді.