Вице-Президент қандай қызмет атқарады?

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Мемлекет басшысының  құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Вице-Президенттің өкілеттігі жайында айтты.

Вице-Президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды және қызметінен босатады.

Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді;

Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді;

Сонымен қатар Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.

Вице-Президенттің өзге де өкілеттері Президентпен айқындалады.

Вице-Президент институтының енгізілуіне байланысты Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алынып тасталады.

Конституция деңгейінде Вице-Президентке қойылатын талаптарды көздеу қажет.

Вице-Президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс.

Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-Президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс.