Вирусқа сенбегеннің бірі едім…

Былтырғы жазда талай жан жақынынан айырылып, қара жерді кұшақтап «аһ» ұрғанын көзіқарақты оқырман әлі ұмыта қойған жоқ шығар. Тәжтажал тудырған өкпе демікпесі ілезде елді жайлап алды ғой сол жазда. Иммунитеті қуаттылар әупіріммен аман шықты. Созылмалы сырқаты барлар бақилық болды. Сол аласапыран уақытта өлім мен өмір арпалысын көрген едім мен де…

Несін жасырайын, сырқат әуелде келген кезде «тұмауды да ауру деп…» деген жандардың бірі едім. Вирустың мұндай қатерлі екенін сезбедім сол кезде. Әрине, өзімше сақтық шараларын сақтаған да болдым. Бірақ, індет мен ойлағаннан «ірі» болып шықты. Маусым айының ортасында тамақтың дәмі мен иісін сезбейтін болдым. Оған да мән бермедім. Әншейін тұмаудың белгісі ғой деп тамақты шайып, мұрынға тұзды су атып, өзімше ем-дом жасадым. Ол әрекетім босқа кетті демеймін. Аздап иіс, дәм сезе бастадым. Әйтсе де, оным ұзаққа бармады. Әуелі дене қызуым көтерілді. Елдің айтуымен аспирин, парацетамол ішіп, қызудың бетін қайтарған болдым. Бірақ, арада екі-үш күн өткенде екінші қабаттағы пәтеріме екі-үш тоқтап, әзер көтерілдім. Тынысым тарылып, демім жетпей, алқынып қалдым. Үйге келе дереу жедел жәрдем шақырдым.

…«Ойбайлаған» сарыала машина дабылқаққышын сөндірмеген күйі Жезқазған қаласындағы ел «тоғыз этаж» атап кеткен көпсалалы ауруханаға бір-ақ келіп тоқтады. Бұл кез қанаттас жатқан қос қалада індеттің індеп тұрған кезі екенін сонда білдім. Тоғыз қабатты аурухананың жартысына жуығын инфекциялық бөлім етіп жабдықтаған екен. Соның өзінде сырқаттардың көптігінен орын тапшы болып жатты. Бір палатада 7-8 адамнан орналастырылған.

Маған орын алтыншы қабаттан бұйырды. Палатада жеті адамбыз. Аядай бөлмеде адам айналып жүрудің өзі қиын. Өкпелері сырылдаған, қырылдаған науқастар кереуетте бүрісіп жатыр. Дәрігерлер мен медбибілер жанұшыра жүгіріп жүр. Бір медбибі мені жетелеп апарып, компьютерлік диагностикаға түсірді. Мұрыныма, тамағыма таяқша тығып жатыр.

Орнымнан еркін тұрып, еркін жүруден қалдым. Сәл қимылдасам тынысым тарылып, жөтел қысады. Ал, жөтелсем, дем жетпей қалады. Жанталасып, қысқа-қысқа дем алып, отыра қаламын. Сонда ғана жөтел басылып, тынысым аз да болса кеңейеді. Осылай бір апта жаттым. Ол кезде өкпеге жасанды жел беретін аппарат жоқтың қасы. Бір қабатта бір-ақ аппарат бар-ау деймін. Медбибілер соны сүйретіп жүгіріп жүргендері. Кім қатты қысылып, дем жетпей жатса, соған қарай ала жүгіреді. Біздің палатада да сондай екі-үш сырқат жататын. Көбіміз өз бетімізше тыныстауға күш салдық. Ол үшін шалт қимылдамауға, босқа жүрмеуге тырыстық.

Менің іргемде егде жастағы кісі жататын. Демалуы өте қиын еді. Әлгі байғұс дәрігерге жалынғандай болып, ИВЛ ап паратқа қосылғаны сол болатын. Арада он-он бес минут өткенде көршімнің сырылы сап тиылды. «Е, аппарат көмектескен ғой» деп әуелде мән бермеген едім. Сәлден кейін көз тігіп қарасам, ана кісінің кеудесі көтерілмейді. Бұрылып қарадым, тіршілік белгісі білінбейді. «Сестра» деп айқайладым. Еден жуып жүрген кісі менің дауысымды естіп, есіктен басын сұқты. «Ана кісі жүріп кетті-ау деймін» дедім көршімді нұсқап. Санитар жүгіріп кетіп, дәрігерді алып келді. Дәрігер кірді де санитарға «бетін жабыңдар да дәлізге алып шығыңдар» деді де бұрылып кетіп қалды.

Бұл бақиға аттанғандардың басы ғана екен. Арада үш-төрт күн өтіп, тыныс алуым қалыпқа келе бастағанда дәрігер көпжатпай, өкпеге тыныс алу жаттығуларын жасап, көбірек жүруге кеңес берді. Оны мүлтіксіз орындадық. Дәлізде терең тыныстап жүріп терезеден далаға қараймыз. Сонда ақ матамен орап тастаған мәйіттерді арнайы машиналар алып, кетіп жатқанын көрдік. Күн құрғатпай жүріп жатты. Күніне төрт-бес рет қатынағандарын да көрдік. Көрмегенім қанша?!

Кейін Жезқазған университетінің үшқабатты жатақханасынан провизорлық орталық жабдықталып, дерттің беті қайтып, жеңілдегендерді сол жаққа ауыстырды. Бұл кезде қанаттас қос қаладағы қалталы азаматтар да көмекке келіп, өкпеге жасанды жел беру аппараттарын көптеп сатып әпере бастады. Емдеу жүйесі де бір қалыпқа келді.

Сол жолғы дәрігерлердің еңбегі ерен болды. Үстерінде арнайы сақтандыру киімі бар олар күннің ыстығында палатадан палатаға зыр жүгіріп жүрді. Тыным алған кездері сирек шығар. Он-он бес күннен жұмыс істеп, ажалға араша тұрды. Өздері де инфекция жұқтырып, ауырып жататын. Бірақ, жұмыстан қол үзген жоқ…

Сол дерт биыл қайыра дендеп барады. Мамандардың айтуынша, індеттің ілмегіне ілінгендер былтырғы жылдан екі-үш есе көп көрінеді. «Аурудың бұлайша асқынуы – халықтың сырқатқа, оның салдарына салғырт қарауынан» дейді мамандар. Коронавирус кеселінің қаупін олар әлі жете сезінбейтін сыңайлы. Оларға айтарым, вирусқа сенбегендердің бірі мен едім. Ақыры соның зардабын тарттым. Он бес күн ауруханада, одан кейін он бес күн үйде қамалдым. Қазір шүкір, денсаулығым жақсы. Солай екен деп, арқаны кеңге салмай, сақтық шараларын барынша сақтап жүрмін. Вирусты тежеудің бірден бір жолы – вакцинаны да алдым.

Елді де екпе алуға шақырамын, вакцинадан емес, вирустан қорқу керек, ағайын!

P.S. Тұрғындарымыздың көпшілігі коронавирус инфекциясымен ауырсам да, емделіп шығамын ғой деп ойлайды. Бірақ сарапшылар бұл аурудың зардабы бірнеше жылға созылатынын айтуда. Әлі толық зерттелмегендіктен, оңалту шаралары да науқастардың бәріне бірдей келе бермейді. Біз эпидемия кезінде өте қиын жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан босаңсымай, барынша өзімізді және жақындарымызды қорғауымыз қажет.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ