ВАРИКОЗДЫ ЕМДЕУДІҢ ЖАҢА ТӘСІЛІ МӘМС аясында енді Ұлытау облысында да қолжетімді
Тәуелсіз ел атанған жылдардан бері қазақстандықтардың денсаулығын қорғау бағытында бірқатар бағдарламалар қабылданып, көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Маңызды реформалардың бірі – халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі. Бұл жүйені енгізу кезінде көзделген басты мақсаттар, қаржыландыру көлемін арттыру, халықтың шығынын азайту, ақ халаттылардың жалақысын өсіру, тегін берілетін дәрі-дәрмек тізбесін кеңейту бүгінде сәтімен жүзеге асты. Бұндай пікірдің қалыптасуына МӘМС-тің қаржыландыруымен медициналық құрал-жабдықтарын түгендеп, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің спектірін жыл сайын арттырып отырған «Жезденсаулық» отбасылық дәрігерлік амбулаториясының директоры Фатима Ахметовамен құрған сұхбат түрткі болғанын айта өту керек.
– Фатима Дүйсенбайқызы, әз-Наурыз мерекесі ұжымыңызға ырыс-берекесін үйіп-төксін. Әңгімені әріден бастасақ. Қазір МӘМС жүйесіне біздің қоғамда көп сын айтылады. Сіздің бұл жүйеге деген ойыңыз қандай? Жалпы, бізге сақтандыру жүйесі қажет пе?
– Менің денсаулық сақтау саласындағы еңбек өтіліме – биыл 40 жыл. Осы жылдар ішінде талай реформаны бастан өткердім. Соның ішінде 2020 жылы енгізілген МӘМС жүйесін жеке өз басым қолдаймын. Неге десеңіздер, салаға қосымша қаржы құйыла бастады. Ертеректе тек мемлекеттік бюджетке тәуелді медициналық ұйымдар қанатын кеңге жайып, дами алмайтын. 10 7802 тіркелген халқы бар «Жезденсаулық» отбасылық амбулаториясы 4 жылдан бері медициналық сақтандыру Қорының жеткізушісі болып табылады. Төрт жылдың ішінде біз УДЗ кабинетін, стандарттарға сай келетін әлеуметтік дәріхана мен лаборатория аштық. Ультра-дыбыстық зерттеулерді жүргізетін білікті маманды Астанадан алдырдық. Әлеуметтік дәріхана қазір есепте тұрған 3500 тұрғынды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отыр. Наурыздың соңында халық игілігі үшін аяқ қан тамырлары хирургиялық орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Жылдың соңына дейін физиотерапия кабинеті өз жұмысын бастамақшы. Сонымен бірге, күндізгі бөлімді 14 орынға арттырып, тар буынды мамандарды жұмысқа қабылдамақпыз. Болашақта бізде невропатолог, кардиолог, хирург, эндокринолог, онколог пен педиатр мамандары пациенттерді қабылдайды.
– Бәрекелді! Аяқ қан тамырлары хирургиялық орталығы Ұлытау облысы тұрғындары үшін сүйінші жаңалық болмақ. Орталық туралы кеңірек айта отырсаңыз.
– Рас, біз ашқалы отырған орталық Ұлытау облысы үшін ауадай қажет. Ұлытау облысында мұндай медициналық қызмет бірде-бір ұйымда көрсетілмейді. Дертіне дауа іздеген біздің жерлестер берісі Қарағанды, арысы Алматы қаласына баруға мәжбүр еді. Жол шығының есепке алмағанда, басқа қалада баспана керек. Оның бәрі қарапайым халықтың қалтасын қағады. Сондықтан, біз 2023 жылдың соңында Қордың Ұлытау облыстық филиалына аяқ қан тамырлары хирургиялық орталығын ашу жоспарымыз барын жеткіздік. Олар да қолдай түсті. Осы қызметке қаржы жоспарлайтын болды. Сөйтіп, іске кірістік. Қажетті рұқсат қағаздарды рәсімдедік, медициналық қондырғыларды сатып алдық. Операциялық блокты күрделі жөндеуден өткіздік. Алматылық білікті қан тамырлары хирургімен келісім-шарт жасастық.
20-наурызда алғашқы отаны жасап бастаймыз. Бүгінгі күні ота кезегінде варикоз дерті бар 28 азамат тұр. Оларға ем-домның бәрі МӘМС аясында тегін көрсетіледі.
Бұрын мұндай науқастардың аяғын кесіп, көктамырын алып тастайтын еді. Одан кейін ұзақ уақыт бойы оңалту жүргізілетін. Енді оның бірі де жоқ, пациенттер тез қалпына келеді. Қарсы көрсетілімдері де өте аз.
Ота жергілікті анестезиямен шамамен бір жарым сағатқа созылады. Одан кейін біз науқасты 4 сағат бақылаймыз. Бәрі жақсы болған жағдайда үйіне шығарамыз. Ота жеңіл өтеді. Өйткені, біз аз инвазивті әдісті пайдаланамыз. Яғни, пациенттің еш жерін тілмейміз, теспейпіз. Отадан кейін пациентке 4 күн бойы таңу процедурасы қарастырылған.
Айына 25, жылдың соңына дейін 200 ота жасауды көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қажетті қаражат бөлінді.
– Аяқтағы қан тамырларының кеңейіп, білеуленуі, яғни варикоздың болуы неліктен?
– Варикоз жас та, жыныс та талғамайды. Консультация өткізген кезде аталған дертпен 30 жастағы жігіт те келді. Аурудың басты себебі – кеңселік жұмыс, гиподинамия, ұзақ уақыт көлікпен жүру артық салмақ, гармональдық препараттар қолдану, т.б. Әсіресе, алғашқы жүктіліктен кейін шамамен 50 пайыз әйелдерде көк тамырдың варикозы пайда болады. Жезқазған-Ұлытау аймағындағы ер адамдардың басым көпшілігі өндірісте, зиянды еңбек жағдайларында еңбек етеді. Олар да аталған ауру дендеп тұр.
Халықаралық классификация бойынша көк тамырдың варикоздық кеңеюі негізінен 6 сатыға бөлінеді. Оның бастапқы белгілері – кешке қарай аяқтың ісінуі, жайсыздық, балтыр етінің сыздап ауруы немесе аяқтың «тас байлап қойғандай» ауырлауы. Ал егер дер кезінде емделмесе, онда қарапайым көктамырдың веноздық кеңеюі келе-келе трофикалық өзгерістерге әкеліп соғып, ұзақ уақыт жазылмайтын аяқ жарасына ұласады.
– Фатима Дүйсенбайқызы, соң¬ғы сауал, варикозды болдырмаудың жолдары бар ма?
– Әрине, көктамырдың варикоздық кеңеюін болдырмаудың шаралары бар, оны күнделікті жағдайда қолдануға болады. Мәселен, емдік гимнастикамен күнделікті үзбей айналысу, физикалық жаттығулар жасау (жаяу жүру, суға жүзу, велосипед тебу, т.б.), жатарда аяқтың астына жас¬тық қойып, 10-15 см көтеріп жатқан өте пайдалы, өкшесі 5 см биік немесе тым жалпақ өкше аяқ киім кимеу, күнделікті жатар алдында аяққа тізеден төмен контрастық душ қабылдаған пайдалы, ол көктамырдың тонусын қалпына келтіріп, қан айналымын жақсартады. Саунаға, ыстық ваннаға жиі түсуге болмайды. Ал емдеу жолдары – ауру бастапқы сатыда консервативтік түрде емделеді, яғни көктамырдың варикоздық кеңеюінің дәрежесіне қарай дәрігердің нұсқауы бойынша арнайы дәрі-дәрмек қолданылады. Егер де варикоз кеңейіп, көктамыр асқынып, жедел тромбофлебит пайда болса, онда операциялық жолмен емдеу қажет.
– Әңгімеңізге рахмет. Халық игілігі үшін ашылғалы отырған орталық жұмысына сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан Диана ОРАЗАЛИНА.