Вакцина – індетті тежеу тәсілі
Жуырда, Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі санитарлықэпидемиологиялық жағдай кеңінен сөз болды. Алқалы жиында Асқар МАМИН басты міндет – санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және вакцина алғандардың санын арттыру екенін ашып айтты. «Сәуір, мамыр және маусым айлары аралығында өңірлерде ай сайын 2 млн. адамға вакцина алу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Қыркүйек айында вакцинациялауға жататын 10 млн. адамға вакцина салуды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Содан кейін ұжымдық иммунитеттің жинақтаушы әсері күтіледі», – деді Үкімет басшысы.
Ел екпе алуға мән бере бастады
Қазақстанда коронавирус індеті қайта өршіп барады. Елде вирустың жаңа белгілері анықталған. Қазір екі қала, алты өңір – «қызыл» аймақта. Мамандар бұл тығырықтан шығар жол – екпе екенін алға тартуда. Сондықтан өткен аптада елімізде тұрғындарды жаппай вакцинациялау шарасы басталды. Бұл іс біздің ауданымызда да қолға алынды.
– 10 сәуір күні ауданымызға 1200 доза «Спутник V» вакцинасы жеткізілді. Дүйсенбі күні, яғни, 12 сәуірде алғашқы кезеңнің екпесі салынды. Екпе алуды аудан басшылары мен медицина саласының мамандары бастады. Енді 21 күннен кейін бірінші кезеңде екпе алғандар екінші мәрте егіледі. Ол үшін қосымша 200 доза «Спутник V» вакцинасы келіп тұр, – дейді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Танабаев.
Ауданның бас санитариялық дәрігерінің айтуынша, бүгінгі күні 90-ға тарта адам екпе алып үлгеріпті. Олардың қатарында мұғалімдер мен полиция қызметкерлері бар. Өз еріктерімен екпе салдырып жатқан тұрғындар да аз емес көрінеді.
– Алғашқы уақыттағыдай емес, ел екпе алуға шынайы мән бере бастады. Алыпқашпа әңгімелердің жетегіне еретіндер де жоқ емес. Әйтсе де, өз еріктерімен екпе салдырып жатқандардың қатары өскен сайын жұртшылықтың беті бұрыла бастады. Оны өз ауданымыздан да аңғаруға болады. Әлеуметтік желілерде «Мен екпе алдым» деп суретін салып, жазба қалдырып жатқан жерлестерімізді көріп қалып жүрміз. Бұл да бізге көмек болып отыр. Шын мәнінде, екпе алудан үркудің қажеті жоқ. Әр аймақта тұрғындардың басым көпшілігі екпе алса, ұжымдық иммунитет мықты болады. Сол арқылы біз індетті ірке аламыз, – дейді санитариялық дәрігер.
Орайы келгенде айта кетейік, аудандық аурухана жанынан арнайы вакцина салатын кабинет жабдықталған болатын. Оған дәрігер және медбике бөлінген. Вакцина сақтайтын мұздатқыш орнатылған. Екпе алуға келгендер алдымен дәрігердің бақылауынан өтеді. Денсаулығында ауытқушылықтар байқалмаса, екпе салынады. Онан кейін жарты сағат мамандардың бақылауында болады. Содан соң ғана үйіне жіберіледі. Ерлан Танабаевтың айтуынша, екпе алғандардың арасында тосын белгілер білінген адамдар жоқ. Бәрі – қалыпты жағдайда.
Қарсақбайлықтар – бірінші
Жоғарыда айтып өткеніміздей, аудан тұрғындары екпе алуға өз еріктерімен келе бастады. Бұл істен орталықтағылар ғана емес, ауылдық округтердегі азаматтар да қалыс қалмауда. Осы көшті қарашаңырақ Қарсақбайдың тұрғындары бастады. Бейсенбі күні кент әкімі Аян Әбжамалов бастаған 16 адам Ұлытауға келіп вакцина салдырды. Оның 4-і – Қарсақбай металлургия зауытының жұмысшылары, 6-ы – әкімдік қызметкерлері. Екпе алғандардың қатарында мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілері де бар.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды екпе мәселесіне жауапкершілікпен қарауға, түрлі қауесеттерден аулақ болуға шақырды. «Біз, ең алдымен, мына нәрсені түсінуіміз керек: халқымыздың денсаулығы мен материалдық игілігі жаппай вакцинациялауды табысты өткізуімізге байланысты» деп атап көрсетті Президент. Сондықтан біздің әрқайсымыз өзіміздің және жақындарымыздың амандығы үшін осындай індеттің алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарауымыз керек. Бұл тұрғыда Қарсақбай кентінің тұрғындары белсенділік көрсетіп отыр. Аудан бойынша ауылдық, кенттік округтер арасында бірінші болып екпе алдық. Өзге де ауылдастарымызды вакцина алуға шақырамыз, – дейді Қарсақбай кентінің әкімі Аян Есенғалиұлы.
P.S. «Жақыныңа жанашыр бол!», «Сақтансаң сау боласың!». Бұл сөздер бүгінгі күннің басты кредосына айналуы керек. Оны бұзуға ешкімнің хақы жоқ!
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ