Утиль алымда шикілік көп
Соңғы жылдары Қазақстан ескі көліктердің еліне айналып кеткені жасырын емес. Қымбатшылық қыспаққа алған тұста зауыттан сонау тоқсаныншы жылдары шыққан темір тұлпарлардың құны аспандап кетті. Бағасы миллионнан төмен көлік табу мүмкін емес деуге болады. Бағаның бұлай шарықтауына не себеп болды? Алуан түрлі пікір бар. Соның бірі елдегі утиль алымдарының шектен тыс көп болуы. Қаңтардағы қасіретті оқиғалардан кейін билік бұл салаға да назар аударып, мәселенің түйінін шешуге кірісіп кетті. Толығырақ тарқатсақ…
Бұған дейін елімізде шетелден келген көліктерден утиль алымын жинау қызметін «ӨМК операторы» ЖШС атқарып келген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл құзірет «Жасыл даму» АҚ-ға жүктелді. Артынша былыққа толы саланы тексеру басталып кетті. Көп ұзамай Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ операторы» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды. Бұл істің ақ-қарасын өкілетті органдар анықтай жатар…
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, «ӨКМ операторы» ЖШС 2015 жылдан бері 691.9 млрд.теңге көлемінде утиль алымын жинаған. Жиналған қаражат қолданыстағы заңнаманың негізінде жұмсалған. Яғни, отандық автокөлік өндірушілерді қолдауға 338.9 млрд.теңге жұмсалыпты. Сондай-ақ, қазынаға 49.1 млрд.теңге көлемінде салық төленіп, экологияны жақсартуға 102 млрд.теңге жұмсалған. Қазіргі таңда компанияның екінші деңгейлі банктердегі есепшотында 220.6 млрд.теңге көлемінде қаражат қалған.
Елдегі көлік паркінің тым ескіріп кетуіне байланысты қазақстандықтар утиль алымын жинауға қарсы қозғалысқа біріге бастады. Олар утиль алымын жинаудан түбегейлі бас тартуға шақырады. Сарапшылардың пайымдауынша, утиль алымының мөлшері тым жоғары. Қазір елдегі утилизациялық алым 437 мың теңгеден басталып, 5,9 миллион теңгеге дейін жетеді екен.
– Бір көлік үшін төленетін утилизациялық алым көлемі бірнеше миллион теңгеге дейін барады. Мысалы, көлемі 2 м³ болатын жеңіл көліктің утилизациялық алымы 1 458 500 теңгені құрайды. Дамыған елдерде утилизациялық алым 100 мың теңгеден аспайды, ал кей мемлекетте көлікті утилизациядан өткізетін зауыттар өзін-өзі қамтамасыз етеді, – дейді сарапшы Берік Заиров.
Ал, қазынаға жылына миллиардтап салық төлеп отырмыз деген автосалондар утиль алымын жоюға, тіпті мөлшерлемесін төмендетуге мүлде қарсы екен. Елде утилизациялық алым төмендетілсе, шетел көліктері көптеп кіргізіліп, экологияға да кері әсерін тигізеді дейді.
Утилизациялық алымды жоюға біз қарсымыз. Оның коэффициентін азайтқаннан пайда жоқ. Біз төлеп жатқан салықты мемлекеттік бағдарламаға қолдана беріңіздер. Бірақ утиль алымды өзгеріссіз қалдыруларыңызды сұраймыз, – деді автосалон өкілі Руслан Камзин
Қазір жеңіл автокөліктен бөлек, ауылшаруашылығы техникаларынан утиль алымын жинау мәселесі де қызу талқыланып жатыр. Утиль алымға қарсы топтың уәжіне сүйенсек, елдегі ауылшаруашылығының тозып кетуіне де осы бір қолайсыз жүйе себеп болып отыр. Себебі арнайы техникаларды шетелден әкелу бағасы тым қымбатқа шығып кететін болғандықтан, онсыз да қолы қысқа шаруалар кеңестік дәуірден қалған ескі техникасын қолдануға мәжбүр. Сондықтан да, қоғам белсенділері жеңіл автокөліктер үшін утиль алымын 100 мың теңгеге дейін түсіріп, ал, ауылшаруашылығы техникалары мен арнайы көліктер үшін мүлдем алып тастауды ұсынуда.
Қалай болғанда да ұзақ жылдан бері айтылып келген мәселеге атқарушы органдар енді ғана назар аударды. Бастысы сең қозғалды, енді қоғамдық тыңдаулар мен талқылаулар бойынша мәселенің шешімі ұсынылуы тиіс.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ