«УАҚЫТ КАПСУЛАСЫ» немесе 55 жылдан кейін табылған құты
Бұл мақалаға 2022 жылы 2 мамырда Ұлытаудың Әулиетауынан табылған шыны құты себепші болды. Шыны құтыны табушы, отбасымен тауға шыққан Жезқазған қаласының тұрғыны, депутат Аманкелді Алимжан деген азамат. Ол табылған шыны құтыны, Ұлытау аудандық Ұлттық қорық-мұражайының сол кездері басшысы болған басшысы Нұрлан ҚАСЫМБЕКОВКЕ тапсырған.
Хоош… Сонымен ол не қылған құты екен деп елеңдеп отырған шығарсыздар. Енді соның тарихына келейін. Құтыдан 1967 жылғы 9 класс оқушыларының тізімі мен тарих пәнінің мұғалімі, менің әкемнің аты-жөні жазылған қағаздар шығады. Әкем, Ниязбек Түсіпбекұлы Сейткенов 1967 жылдың 22 қыркүйегінде 9 класс оқушыларын ұйымдастырып Ұлытаудың ең биік тауы – Әулиетауға алып шықса керек. Таудың басында, әкемнің басшылығымен уақыт капсуласын дайындайды. Яғни, қағазға қарындашпен тауға шыққан балалардың тізімі жазылады және әкемнің де аты-жөні, туған жылы, шыққан күні мен жылы, кейбір балалардың өз ойларын жазған қағаздары шиыршықталып, шыны құтыға салынады. Шыны құтының іші спиртпен тазартылған, ал аузы ауа бармайтын қылып бекітілген.
Бұл туралы сол кезде тауға шыққан 9 класс оқушысы, ұлытаулық Бәтен Тілеуғабылова тәтей өз естелігінде жазады. Осы кісі үстіміздегі жылдың 12 шілдесінде маған шыны құты табылғанын айтып, суретін және естелігін жіберді. «Ұлытауда табылған уақыт капсуласы туралы жазып, дәріптейік» деген еді Бәтен тәтей сол жолы. Мен осы мақсатта қолыма қалам алып отырмын.
Неге «Уақыт капсуласы» делінеді? Сол жайында бір ауыз айта кетейін.
Интернеттен осындай құтыға салынған хаттар жайлы жазбаларды парақтадым. Сонда байқағаным, мұндай дүниелер «Уақыт капсуласы» деп аталады екен. Сондықтан біздің шыны құтыны «Ұлытаудың уақыт капсуласы» деп атап отырмын. Мұндай капсулалар қалдырумен 1960 жылдары АҚШ-та және Ресейде көптеп айналысқан. Кейін Қазақстанда да біршама капсулалар табылған. Бірақ, Ұлытау өңірінде табылған уақыт капсуласы туралы материал таба алмадым. Бұл біздің өңірдегі тұңғыш капсула болмақ.
Енді шыны құтыға келейік. «Ұлытаудың уақыт капсуласы» көп нәрсенің басын ашады. Онда, 9 класс оқушылары осыдан 55 жыл бұрын естелік жазып, сол кездегі тұрмыс-тіршілік пен қазіргі өмірімізді ойша салыстырады. Оқу-ағарту жұмыстары қалай жүргізілген? Сол кездегі мектеп бағдарламасы қалай жасалғанын, ғылыми жетістіктер мен практикалық тәжірибе қалай ұштастырылғанын жаза отырып, келешекте олардың қалай өрістейтініне шолу шасайды.
«Уақыт капсуласы» табылғаннан кейін маған ватсаппен, аудиожазбамен хат жолдағандар, естеліктерін айтқандар көп болды. Солардың бірі Үміш Аяшова апай. Ол кісі де тауға шыққан сол кездегі 9 класс оқушысы. Үміш апай аудио естелігінде менің әкем, Ниязбек Сейткенов туралы айтады. Әкем сол тау басында оқушыларға тарихшы-өлкетанушы маман ретінде түсініктеме жүргізеді. Шыққан тауларының аты – Ақмешіт әулие тауы. Оның биіктігі 1134 метр (теңіз деңгейінен) деп түсіндіреді.
Бұл тау Ұлытау тауларының ең биік нүктесі және жан-жақты толық көрінеді. Оның «Ақмешіт әулие» деп аталуы басындағы белгіге байланысты. «Ұлытаудың шың басындағы бұл белгі 15 ғасырдың ақын жырауы, дала философы Асанқайғының бәйбішесі Танаға қойылған – XV ғ.» – деп жазады, жазушы-этнограф Ақселеу Сейдімбеков. Басқа деректерде Асанқайғының өзі жатыр деп жазады. Бірақ, екеуі де дәлелденбеген.
Әкем сол жерде оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс қайда екенін, қай облыстармен, қандай елді мекендермен шектелетінін түсіндіреді. Едіге тауы, Кішітау, Алтын шоқы, Хан Ордасы сияқты тарихи жерлер мен тауларды көрсетіп, тарихтағы орындарын сипаттайды. Ұлытаудан шығатын өзендер – Сарыкеңгір, Қаракеңгір, Кеңгір, Жыланшық, Терісаққан қайда барып құятынын айтады. Сонымен қатар, тарихи орны бар Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелері жайлы да кең мағлұматтар береді. Қазақ халқының этногенезінде, әуелде қазақ, қазақ атанбай тұрғанда, IX-X ғасырда оның алғашқы аты «Алаш» екені, Алаша (Алаш) хан – халық аңызы бойынша «Алты алашты» құраған тайпалардың түп атасы деген аңыздарды әңгімелейді.
Қазақ халқының аңыздарында, Домбауыл көзі тірісінде Жошы ханның сенімді серігі, сарай мергені болғанға ұқсайды. Домбауылдай батырдың атын асқақтатқан, оның қос ұлы — Кет-Бұқа мен Кел-Бұқа заманында дәулескер күйші болған екен. «Ақсақ құлан» күйінің авторы Домбауылдың ұлы КетБұқа деген жорамалдар да бар. Міне, осындай естеліктер арқылы балаларды тәрбиелеудегі, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, тарихын білу, мамандар даярлау, оларға бағыт-бағдарлама беру мәселесі көтерілгені айқын аңғарылады. Әкем, осы жерде педагогика ғылымы мен практикалық жұмысты ұштастыруда тамаша жетістікке жеткен деп ойлаймын. «Уақыт капсуласының» табылуына кейін ойға келетін тағы бір тұжырым – бұл жердегі мақсат тек тауға шығу ғана емес педагогика ғылымын практикаға ұштастыру, мектеп жоспарын, кітапта не бар соны айту ғана емес, оқушылардың қоршаған ортаны тануы арқылы тарихты санасына сіңіру екенін айтқым келеді.
Әкем, осы тауға шыққан кезде 35 жаста екен. Ол университетте алған білімімен тоқтап қалмай үнемі ізденіс үстінде болған. Тарихи кітаптар мен газеттерден елімізде, шетелде болып жатқан жаңалықтарды жібермей оқып жүруді әдетке айналдырған. Міне сондай ізденімпаз, жаңашылдығының арқасында араға жарты ғасырдан астам уақыт салып Ұлытаудың тауынан жарқырап жұлдыз болып шығып, біздің қолымызға қалам алып, Ұлытау тарихы туралы жазғызуға себеп болуы сол еңбегінің құдіреті деп ойлаймын.
Енді әкем туралы да бірер ауыз сөз айта кетейін. Ардақты әкем Ниязбек Түсіпбекұлы Сейткенов 1931 жылы қазіргі Ұлытау облысы, Ұлытау селосында дүниеге келген. 2012 жылы өмірден өтті. Руы Жырық – Қозы. Тарқатып айтсам, Жырық – Сарыбай – Меңдіқұл – Есенаман – Ақсақал. Ақсақалдан төрт ұл – Аққозы, Жанқозы, Байқозы, Молқозы туады. Біз Жанқозыдан тараймыз. Осы төрт аталарымызға байланысты, Ақсақалдан тараған ел түгел, халық арасында «Қозы» атанып кеткенбіз. Әкем 1949 жылы Ұлытауда орта мектепті Қазақстанға белгілі – Төрегелді Шарманов, Камал Смайылов, Сейтқазы Құсайынов сынды атақты азаматтармен бірге бітірді. Төртеуі Алматыға жоғарғы оқу орнына түседі. Әкем КазГУ-дың философия-экономика, Төрегелді әкей медицина, Камал әкей журналистика, Сейтқазы әкей тау-кен факультеттеріне түседі. Бұлардың арасындағы достық, қарым қатынас бөлек үлкен әңгіме.
Әкемнің мектептегі достарымен қатар институтта бірге оқыған достарын айта кету керек. Олар қарағандылық философ, кафедра меңгерушісі Рафхат Ешкеев, белгілі қоғам қайраткері, философ, академик Жабайхан Абдилдин, қоғам қайраткері, бұрынғы ҚКП Орталық Комитетінің меңгерушісі, профессор Сәдуақас Темірбеков. Әкем бұл кісілермен де кездесіп, пікірлесіп отыратын. Білетінім, ақырғы кезде әкем Сәдуақас Темірбековпен кездесіп, хабарласып тұрды.
Әкем, 1954 жылы КазГу-ді бітіргесін Қостанай облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып жолдама алады. Сосын көп ұзамай бірінші хатшы болып сайланады. Кейін отбасы жағдайына байланысты Қарсақбай аудандық партия комитетіне ұйымдастыру комитетінің басшысы болып ауысады. 1959 жылы Ұлытауға көшіп келеді. Сол жылдан бастап мектепте мұғалімдіқ қызметін атқарады. Тарих, психология, логикадан сабақ берген. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы, мектеп директоры сияқты қызметтер де атқарған.
1990 жылы құрылған Ұлытау аудандық Ұлттық қорық- мұражайының екінші басшысы болып тағайындалады. Қорық-мұражай Ұлттық атағына сай болу үшін тарихи-архитектуралық, архиологиялық кешендерді сақтау, қорық-мұражай аймағын анықтау, ескерткіштер санын анықтау, тағы басқа да жұмыстарды атқаруды бастаған. Осы қызметте әкемнің өз өлкесінің тарихын жетік білуі іске асты деп ойлаймын.
Әкемнің тарихқа деген, құштарлығын өзінің құрдасы, Республика ағарту ісінің үздігі, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, марқұм Шабаз Смайылов әкей өз естелігінде: «Ол, Қостанай облысында жұмыс істеп жүрген кезінде Аманкелді ауданында болып, Аманкелді батыр мен Кейкі батырдың арақатынасын зерттеген. Екеуінің бір-біріне жау болмағанын, екеуі бір мақсатта жұмыс істегенін айтып жүретін. Кейін солай болып анықталды.
Қарсақбайда мұғалім болып жүргенінде Білеутідегі қалмақ-қазақ соғыстары жөнінде айтып жүретін. Оқушы балаларды апарып зерттесем деп армандайтын. Ниязбектің бұл арманы, одан отыз жыл уақыт өткен соң Сағындық Қожамсейітов басқарған экспедицияның күшімен жүзеге асты. Сөйтіп тарихи оқиға ғылыми айналымға түсті. Ниязбек ғылыммен айналысқанда одан мықты ғалым шығатынына мен кәміл сенетінмін. Оның мінезі де, жүріс-тұрысы да, сөйлеген сөздері де ғалымдарға ұқсайтын.
Ниязбек зерек шежіреші еді. Ол Жырықтан өзіне дейінгі ата- бабаларын жатқа айтатын. Мұндай зеректік кез-келген адам да бола бермейді. Ниязбек сонымен бірге өте аңқау, сөзге сенгіш-нанғыш еді» деп жазады.
Әкем қайтқаннан кейін 2013 жылы жалғыз қарындасы Назгүл Сейткенова әкем туралы естеліктер кітабын құрастырып шығарған. Смайлов Шабаздың әкем туралы естелігін осы кітаптан сөзбе-сөз жазып отырмын.
Әкем бұл өмірде өнегелі тұжырымды ұстаздық, ғылыми жұмыстар атқарып, оның пайдасын көру үшін жанталасып дәріптемей ақ өмірден өтті. Өмір бойы ұстаздықпен халқына адал қызмет жасады. Сол еңбектерінің бір көрінісі, оқушыларымен Ұлытаудың ең биік шыңында «уақыт капсуласын» қалдырып, ол жазылымдары 55 жылдан кейін сол қалпы сақталған күйінде табылып, халқына жарқырап жұлдыз болып ашылды.
Досым СЕЙТКЕНОВ.
Алматы қаласы.