ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНІҢ ЕРЛІГІН ҰЛЫҚТАУ – ҰРПАҚҚА ПАРЫЗ

Сұрапыл соғыс жылдары тылда қызмет еткен еңбеккерлердің еңбегі, жеңісті жақындатуға қосқан үлесі аз емес. Майданға аттанған солдаттардың керек-жарағын уақытылы жеткізумен қатар ауылда қалған үлкен кісілер мен шиеттей бала-шағаның қамын қоса арқалап, майдан даласына аттанған он оқтың тоғызын шығарған өндіріс тылында еңбек еткен жандардың бірі – Ахмет СƏРСЕНБАЕВ. Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қиын заманда ел ертеңі үшін аянбай еңбек еткен ерлеріміздің есімі ел жадында мəңгі сақталады.

Редакциядан.

Əкем – Ахмет Сəрсенбаев, 1912 жылы Қарағанды облысының Ұлытау ауданы «Қазақстан» колхозында дүниеге келген. Отбасында 9 апа, 1 ағасынан кейінгі ең кенже бала. Кенже бала есейіп, ат жалын тартып мінгенше əке-шеше бақиға аттанары белгілі. Сол себепті жасөспірім Ахмет Қарсақбайдағы нағашылар қолына барып мыс зауытына жұмысқа кіріседі.
Əкеміз жобамен 1931 жылдан бастап 1959 жылдың шілде айына дейін Қарсақбай мыс зауытында жұмыс істеген. Əкеміздің жұмыс істеген бұл кезеңі өмірдің ең ауыр уақыты ашаршылық, одан кейін соғыс, одан əрі соғыстан кейінгі тұрмысты көтеру сияқты қиын кезеңдермен ұштасып кете барды.

Өзі қатарлы замандастары майданға аттанып жатқанда əкеміз бронмен соғыстан қалдырылып, мылтықсыз майдан-өндірісінің көрігін қыздырды. (Соғыс жылдарында мыс қорыту заводының жұмысы тоқтап қалмас үшін жұмыскерлерді бронмен алып қалған. Ол документтері де сақталған.)
Сол кездері Болман ақын…
Қарағанды, Қарсақбай
Жосалы мен Ащысай, – деп басталатын өлеңінде жауға қарсы атылған он оқтың тоғызы Қарсақбайда өндірілетіні айтылып, бұл өлең елімізге кеңінен тарады. Қарсақбайдың мыс зауытындағы қызу еңбек-майданнан кем болмады.
Сол еңбек майданында есейген, нағыз күші толған шымыр жігіт Ахметтің де маңдай тері тамшылады, бейбіт күнді жақындатуға аянбай еңбек етті.
Еңбек зая кеткен жоқ, Жеңіс күнін мыс заводындағы майталман əріптестерімен бірге қарсы алды.
Əкеміз мыс заводының ең ауыр, шаң-тозаң, ыстық цехында жұмыс атқарғанын айтып отыратын. Сол жылдар əкем денсаулығына із қалдыра кетті.
1956-1957 жылдары денсаулығына байланысты сол заводтың жеңіл жұмысына ауыстырылған.
1959 жылы туған еліне Ұлытау ауданының Аманкелді атындағы совхозының №3 фермасына көшіп келген. Ондағы ойы ұлдарым туған елден жырақтамасын, туыстарынан жатбауыр боп кетпесін деген ой екен. Ата жұртта отырған Ыбырай əкемнің Жұмабегімен, Құрманбай əкемнің Байманымен, Рақымбек ағаның Бейсенімен, Жұмағали мен Мұқаны шұрқырай табысқанда əке көңілі орнына түскен еді.
Əкеміздің мыс зауытындағы қажырлы еңбегінің дəлеліндей марапаттарға да ие болған еді. «За доблестный труд в Великой Отечественной Войне 1941 – 1945 гг.» медалімен, 1955 жылы 11 июльде «За трудовую доблесть», «Ветеран труда» медалімен марапатталған.

1958-1959 жылдары əкемізге «Еңбек Қызыл Ту» (Орден Трудового Красного Знамени) ордені тағайындалып, бірақ əкеміз ол уақытта Қарсақбай поселкесінен көшіп кетуіне байланысты орден табысталмай қалған деп айтылады. Қарсақбай поселкесінде бірге жұмыс істегендер айтқан əкемізге.
1959 жылы тамыздан бастап Қорғантаста ата кəсіпке ие болып мал бағып, туған жерге еңбек етті.
1967 жылы июль айында 55 жасында зейнеткерлікке сол кездегі ең жоғарғы зейнетақымен шыққан. Отбасында анамыз Хадишамен 7 баланы тəрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды, немерелерін қолынан жетектеп, қызықтап, байқуатты ғұмыр кешті. Ұлдары мен қыздары өмірден өз орындарын тауып, балалы-шағалы болды.
Əкеміз 1983 жылы 23 октябрьде 71 жасында, анамыз 64 жасында1990 жылы өмірден озды. Бір анадан туған жетеу едік. Тағдырдың жазуымен ағаларым Жұмағали мен Мұқанды, апаларым Əдиша мен Ғалияны, еске аламыз, алдарынан жарылқасын балаларына Алла ғұмыр берсін деп тілейміз.
Қазіргі кезде болмашы нəрсеге марапатқа ұсынып жатады.
Ұлы Жеңіс күнінде «Тың ардагері» деп əкеміз аты айтылып көрген жоқ.
«1941-1945 жылдардағы «За доблестный труд в Великой Отечественной Войне 1941 – 1945 гг.» осы медаль иелерін Ұлы Отан соғысына қатысушыға теңестірілген статус берілгенде, əкеміз бұл дүниеде жоқ еді. Сол кездедегі барлық əкелердей ешкімнен мақтау, баптау күтпеді. Біз, ұрпақтары əкемізді майдангер деп санаймыз, мақтанамыз, еңбек жолын өнеге тұтамыз.
Əкеміздің жолын жалғастырып Жездінің өндіріс саласында еңбек еткен келіні Бəтен қазір зейнеткер. Жезқазған мыс зауытында немере, жиендерінің де ата жолымен қызмет атқарып жүргендері баршылық.
Биыл əкеміздің өмірден озғанына 40 жыл, анамыздың əкеміздің соңынан кете барғанына 33 жыл. Қарапайым ғұмыр кешкен, өнегелі отбасы болған, еңбекқор, туған-туысқа, айналасына сыйлы бола білген ата-анамызды қоңыр күзде еске алып, осы естелікті жазуды перзенттік парызым деп білдім.

Мейрамкүл СӘРСЕНБАЕВА.

ЕКІБАСТҰЗ қаласы.