Туризм және спорт министрлігі: Қазақстан 18 жылдық үзілістен кейін 2029 жылғы X қысқы Азия ойындарын өткізу құқығына ие болды
Мұндай ауқымды әрі кешенді халықаралық жарысты ұйымдастыру Қазақстанның спорттық әлеуетін, сондай-ақ ірі халықаралық спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатынын көрсетуге зор мүмкіндік.

Қазақстан бұған дейін 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын сәтті өткізіп, халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған еді. Сол кезде Астана мен Алматы қалаларында бірқатар заманауи спорт нысаны бой көтерді. Қазіргі таңда бұл нысандар спортшылардың дайындық деңгейін арттыруға, халықаралық жарыстар өткізуге және ел тұрғындарының саламатты өмір салтын насихаттауға қызмет етіп келеді.
Сондай-ақ еліміз бұдан басқа да ірі кешенді спорттық іс-шараларды ұйымдастыруда тәжірибеге ие. 2017 жылы елде Дүниежүзілік қысқы Универсиада жоғары деңгейде өтті. Сонымен қатар Қазақстан аумағында жыл сайын қысқы спорт түрлерінен халықаралық жарыстар өткізіліп келеді, бұл елдің ең жоғары деңгейдегі жарыстарды қабылдауға дайын екенін білдіреді.
Алдағы қысқы Азия ойындарын қолданыстағы инфрақұрылым базасында өткізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты қосымша ірі спорт нысандарын салу қажеті жоқ. Қолда бар спорт кешендері қысқы Азия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлерінен жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, қазіргі таңда елімізде қысқы олимпиадалық 13 спорт түрі қарқынды дамып келеді.
