Туристер саны көбейді
Күн жылып, қар ерігенде жыл сайын «Ұлт ұясы – Ұлытауды» бетке алып, көне тарихымен танысқысы келетіндердің қарасы көбейе түседі. Ұлытау ауылы ірі қалалардан айтарлықтай алыстау болғандықтан, мұнда кездейсоқ адамдар жүре бермейді, көбісі зиярат жасау үшін арнайы дайындалып келеді. Тарихқа қызығатындары – Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне қарай атбасын бұрса, ауруына шипа іздеп, қиыншылыққа тап болғандар немесе Тəңіріне жақындай түскісі келетіндер, əдетте, Əулиетау шыңын бағындыруға тырысады. Ал кейбіреулер қызметтің сатысымен көтерілу үшін «Хан ордасы» деген жерге барып, ханның «тағына» отырып, мерейі асып-тасып, ерекше риза болып қайтады. Араларынан əйгілі қолбасшы Əмір Темір қалдырған Алтыншоқыдағы белгітасты алыстан іздеп келетін туристер де табылып қалады.
Міне, сондай туристердің үлкен легі кеше ғана Қызылорда облысынан арнайы келіп, Ұлытаудың киелі орындарын тамашалады. Құрамында 50-ден аса еңбек ардагері бар делегация Ұлытаудың басты-басты тарихи орындарын асықпай аралап шығып, тағы да бір рухани толысып қайтты деуге болады.
Жалпы алғанда, Ұлытау жерінде туристерді қызықтыратын орындар сан-алуан. Десе де, ең танымал тарихи орындарға Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелері, Əулиетау шыңы, Хан ордасы, Алтыншоқы жатады.
Жасұлан АЯШЕВ,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының экскурсия жетекшісі.