Туған жерге іңкәрліктің айғағы

Елді жағымды жаңалықтарымен елең еткізуді айнымас дәстүріне айналдырған Ұлт бесігі – Ұлытаудың өнегесі ауданға қарасты селолық округтерге де қанатын кеңінен жая бастағаны байқалады. Шеңбер селолық округінің орталығы Қорғасын ауылында «I love Qorgasyn» иллюминациялық жазуының орнатылуы – осы тұжырымның дәйекті дәлелінің бірі.

Туған жерге іңкәрлігінің айғағы ретінде белгі-жазуды өз бастамаларымен жеке қаражаттарына орнатушылар – шежірелі Шеңбердің атпал азаматтары, «Диас» шаруа қожалығының иегері Жаңабай Түскеев пен «Смағұлов А» шаруа қожалығының тізгінін ұстаушы Бақтияр Смағұлов.

Жомарт пейілді жігіттердің ыстық ықыласының нәтижесінде бой көтерген нысанның жоғары жағынан және екі қапталынан жарық беру құрылғылары орнатылған. Тиісінше, ымырт үйірілгеннен кейінгі көрінісі – тым тартымды. Алуан түске боялып, алыстан «мен мұндалайтын» жазу, сөздің шынайы мағынасында, ауылдың ажарын ашып, келбетін келісті түрге енгізіп тұр.

-Осындай игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға ауылдастарының айтар алғысы шексіз. Олар осы мақсатқа 800 мың теңгеден астам қаржыны өз бастамалары негізінде бағыттады. Шынтуайтында, ауыл – рухани жаңғырудың, бірлік-берекенің қайнар көзі, дара дарындар мен ел тұтқасы болар марқасқаларды түлетіп ұшырған киелі мекен. Кіндік қаны тамған жерге қолынан келгенінше көмек көрсету, көркеюіне үлес қосуға мүдделілік таныту – әр адамның қастерлі парызы болуы тиіс. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда, алдағы уақытта осытектес көңілге қонымды істер жалғасын таба берері күмәнсіз, – дейді селолық округ әкімі Сағат Сұлтанов.

 

Тәслима Оразалықызы.