Тракторшы Нағима
Біздің бір ағамыз «тракторист», «шофер» дегенді «тракторшы», «шопыр» деп айтатын. «Мұныңыз не?» десек, «Осылай, қазақша жақсы естілмей ме құлаққа. «ист»-ті қоспасаңдар болмай ма?» деп отыратын. Мен де естелігімді сол ағамыздың ізімен осылай атағанды жөн көрдім…
Сонымен, «тракторшы» сөзінің астарын түсіндірдік. Ал, Нағима кім? Енді соған келейік. Ұлытау баурайында туып, осы өңірде еңбек еткен аға буын өкілдері болмаса, кейінгілер өз заманында темір тұлпар тізгіндеп, совхоздың науқандық жұмыстарында ер-азаматтармен иық тіресе еңбек еткен Нағима Мақанованы біле қоймасы анық. Сондықтан мен осы естелігім арқылы Нағима тәте мен сол кісі сияқты ауыл шаруашылығы саласында тер өгіп, еңбектің ерен үлгісін көрсеткен апаларымыздың есімдерін бір жаңғыртсам деймін.
Кеңес дәуірінде ақтылы қой баққан, трактор мен комбайнды тізгіндеп, ұршықша иірген бұрымдылар аз болмады. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің Ұлытау төңірегінде сондай жандар толып жатыр. Мәселен, Шеңберде – тракторшы Жаңылған Камалиева, Жетіқоңырда – аға шопан Бибігүл Егізекова, Егіндіде – комбайншы Гүлбану Сүлейменова, Аманкелдіде – аға шопан Қазинаш Тоқпанбетова, Қарсақбайда – токарь Үрләш Тоқметова, Жезді кен басқармасының сым ораушылары – Несібелді Нарбаева мен Базар Ақышева, Жезді, Қарсақбайға мәлім дәнекерлеуші, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жаңыл апа Жүсіпова – заманында нәзікжандылардың ауыр еңбекте қиындықты жеңе білетінін дәлелдеген, еңбегімен ел құрметіне бөленген жандар. Солардың қатарында бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Нағима тәте де бар. Ол кісі – жай механизатор емес, майталман механизатор атанған жан.
Нағима Мақанованың ерлерден қалыспай еңбек етіп, өзіне жүктелген қай жұмысты болсын абыроймен атқаратынын көзіммен көрген жанмын. Сол еңбектің ортасында жүріп бес жыл куә де болдым. Сол заманның балалары ерте есейіп, еңбекке ерте араласты. Жоғары сыныпқа барған соңақ үйдегілер «жем-шөп аласың» деп, мектептегілер «еңбекпен есейесің» деп совхоздың науқандық жұмыстарына жіберетін. 5-6 сынып оқып жүргенде мен де шөп шабуға баратынмын. Тракторға отырмасақ та, тырнауышқа, сырмаға тіркеуші болып жұмыс істейтінбіз. Тапқан табысымызға сабаққа қажетті құрал-жабдық, киім-кешек аламыз. Оның сыртында бір тіркеме шөп береді. Мол табыс тапқанымызға біз мәз, «қолқанат болды» деп әке-шешеміз мәз.
Ең қызығы сабаққа барғанда болады. Ала жаздай шөпте жүріп келген біз ересек адамдардай, көргенімізді, басымыздан өткен оқиғаларды майын тамызып айтамыз, сыныптастарымыз біздің төңірегімізде. Бәрі қызыға тыңдайтын. Марқұм Махмұт Ниязов, Уахит Бәйменов, ағайынды Бәшен, Әшен Жыңғылбаевтар жылда бірге шөп шабуға барып, бірге еңбек етіп жүрдік. Содан да шығар күні бүгінге дейін жақсы сыйластықта, қарым-қатынаста жүрміз. Көзі тірілерімен әлі де араласып келеміз.
Бірді айтып, бірге кетіп қалды демеңіздер. Адам баласы үшін сонау балғын балалық, жалынды жастық шақ әрқашан сағынышпен еске түсіп отырады ғой. Айтайын дегенім, бригададағы ер-азаматтармен бірге Нағима тәте де шөп науқанының бел ортасында жүрді. Әшен Жыңғылбаев, Сәрсен Бектемісов ағалар бізге қамқорлық танытып, білмегенімізді үйретіп, еңбекке баулыды. Екеуі де техниканың тілін жетік білетін. Оқып келген мамандардың өздерін үйрететін. Солардың қасында Нағима тәте де өзіндік қарым-қабілетімен танылып жүрді.
Несін жасырайын, шаршаған кезде «жаңбыр жауса екен», «трактор сынып қалса екен» деп ойлайтынбыз. Балалық қой. Күн жауса, шөп кепкенше демаламыз.
Ұйқы қанады. Трактор сынса да солай. Бірақ, қыста мықтап жөндеп ала ма, Нағима тәтенің тракторының ақауланып, тұрып қалатын кезі өте сирек болатын. Тұрса да бірер сағаттан аспайды. Орталықтан сайман келгенше тәте өзі жөндеп алатын.
Нағима тәтенің жүріс-тұрысына, еңбек ету мәнеріне қатты қызығатынбыз. Дала қосында, трактор рулінде жүрсе де сымбатты киінетін. Әлдекімдер құсап, олпы-солпы киініп жүргенін көрмеппіз. Мұның бәрі сүйекке сіңген әдеп еді. Ата-анасынан ерте айырылып, әжесінің тәрбиесінде өскен. Бірақ кейбір әжесінің баласы сияқты шолжаң, ерке болмады. Әжесі де әр кез «қыз бала жат жұрттық, балам, ертең барған жеріңде «мынаны кім тәрбиелеген» дегізбе, сүйегіме таңба салма, ақылды бол» деп отыратын. Осы сөз санасына сіңісті болған Нағима есейгенде қылтың-сылтыңға бой алдырмады. Еңбекке де адал болды. Біз жылда сол кісінің бригадасына түсуге таласамыз. Ешқашан қабақ шытуды білмейтін жан. Артық-ауыс сөзі жоқ. Мінезі қандай салмақты болса, ісі де сондай тиянақты. Аласа бойлы талдырмаш қыздың техниканы ұршықша иіретініне кім болса да қызыға қарайтын еді.
Нағима тәте 14 метрлік тырмамен шөп жинайды. 2-3 КДП-6 шалғысымен жайпап тастаған алқаптың шөбін демде жинап, жалға салып қояды. Бір тыным таппайды. Оған қарап, биргададағы өзге жігіттер де бос отырмайтын. Ең ғажабы сол – жігіттер жандарында жүрген қыз баланы қадірлей ме, бір ауыз бейпіл сөз айтпайтын. Соған әлі таң қалам.
«Қымызды кім ішпейді, қызға кім қырындамайды» дейді қазақ. Бригададағы жігіттердің ішінде Сәрсен аға Бектемісовтың Нағима тәтеге көңілі барын бала да болсақ, байқап қалатынбыз. Тракторы тоқтап қалса Сәкең, бірінші келетін. Ол кісіні демалыс уақытында да Нағима тәтенің жанынан көретінбіз. Сөйтсек, екеуі бір сыныпта оқыпты. Әйтсе де, бұл жүрістің тегін емес екенін ішіміз сезетін…
Ол кезде шөп бригадасымен бірге 6-7 киіз үй көшіп жүретін.
Науқан аяқталғанша 5-6 рет қоныс аударады. Сол көште Әшекең, Сәкеңдердің әке-шешелері де бірге жүреді. Киіз үйлер – солардікі. Біз жататын үй – бір-екеуі, қалғаны – ағалардың отбасы. Қазіргі адамдарға бұл бос әурешілік болып көрінуі мүмкін. Ал, сол уақыттағы үлкендер үшін бұл да бір рахат дүние еді. Сайын далада еркін жүріп, таза ауамен тыныстағанда жандары жадырайтын. Сәрсен ағаның әкесі Үшқанбет әкей соғыстан мүгедек болып оралған кісі. Бір аяғы жоқ. Соған қарамастан атқа мініп, қараған шауып әкеледі.
Кеңес заманында мектеп түлектері ауылда бірер жыл жұмыс істеуі керек болатын. Бұл – жазылмаған заң. Нағима тәтелер 1963 жылы құрбылары Кәбира, Бижамалдармен бірге комсомол-жастар бригадасын құрыпты. Сол кезде тәте трактор тізгіндеуді үйренген. Кейін совхоздың механизаторы болды, науқандық жұмыстарға араласты. Еңбектің ерен үлгісін көрсетті. Оның еңбегін совхоз басшылары әділ бағалады. 1965 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы еңбекшілері мен қызметшілері кәсіподағының VІІ съезіне делегат болып қатысты. Бірнеше мәрте марапаттарға ие болды. Сый-сияпаттан кенде болмады. Мұның бәрі адал еңбегінің жемісі еді.
Сәрсен аға мен Нағима тәте 1967 жылы шаңырақ көтерді. Соғыс мүгедегі атасына қарау, өзінің нәрестелі болуы бар, тәте трактордан түсуге мәжбүр болды. Бірақ, қол қусырып қарап отырмады. Совхоздың сағатпен істейтін жұмыстарына ауысып, оны да абыроймен атқарып, елге үлгі болды.
Бұл күндері Нағима тәте мен Сәрсен аға – іргелі отбасының тірегі. Жеті бала тәрбиелеп, немере-шөберелерін бағып отыр.Балаларының бәрі өмірден өз орындарын тапқан.
Бірде Сәрсен ағаға жолығып қалдым. Амандық-саулықтан соң «Сәке, осы сіздердің отау құрғандарыңызға жарты ғасырдан асып кетті-ау…» дедім. «Иә» деді Сәкең жүзі сәл сынық тартып. «Асты ғой жарты ғасырдан. Бірақ үлкеніміз Назгүлдің қазасы бізге тойды ұмыттырып жіберді ғой. Әйтпесе, дос-жаранның басын қосу ойымызда жүр еді» деді, дауысы жарықшақтанып.
Абайсызда ескі жараның бетін тырнап алғанымды түсіндім. Оны Сәкең де байқап қалса керек, «бәрі Алланың ісі ғой, қарсы қояр қайран жоқ, кейінгілер аман болсын, той болады ғой» деді арқамнан қағып.
Назгүлі жоғары білімді мұғалім еді. Өзге балалары да оқығантоқыған. Айжаны Балқашта тұрады, «Қазақмыс» корпорациясында еңбек етеді. Ернұры – шахтер. Ернат – бір мекеменің бас маманы. Дулат – Жезқазған байыту фабрикасында инженер. Кәмшат – мұғалім.
Кенже ұлы Дәулет – Ұлытауда, аудандық ветстанцияда бас есепші. Ұлытаулықтар Дәулетті «Сәкеңнің жас кезі» дейді. Ісіне мығымдығы, қай істі болсын меңгеріп әкететіні, тіпті, салмақтылығы да, аз сөйлеп, көп тыңдайтын қасиеті де – Сәрсен аға.
Міне, тракторшы Нағима тәтенің азды-көпті еңбек жолы осындай. Ол кісінің еселі еңбегі мен ұлағатты істері кейінгі буынға, Жаңа Қазақстан құратын жастарға үлгі болары анық.
Шаяхмет ҮМБЕТОВ,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.