Токиодағы таңғаларлық жетістіктер
Токио Олимпиадасы талайды тамсандыратын жетістіктер мен қызықтарға толы болды. Дәл осы додада бұрын алынбайтын қамалдай көрінген рекордтар жаңартылды. Солардың ең маңыздыларына тоқталсақ…
КУБА АҢЫЗЫ
Кубаның 38 жастағы балуаны Михайн Лопес Нунес тарихи жетістікке қол жеткізіп, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының төрт дүркін чемпионы атанды. Ол бұған дейін Пекин, Лондон, Рио Олимпиадаларында алтын алған еді.
Бұл жолғы доданы да өз пайдасына шешіп, рекорд жаңартты. Финалдық кездесуде ол грузиялық Якоби Каджаямен белдескен болатын. Қос алыптың кездесуі тартысты өтті. Әйтсе де, кубалық балуан 5:0 есебімен қарсыласынан басым түсті. Оның жетістікке жетуінің өзі аңыз. Ол Токиода жалпы саны 4 кездесу өткізіп, барлығын да айқын басымдықпен жеңді.
Куба аңызы Михайн Лопес, сонымен қатар, әлемнің 5 дүркін чемпионы атанған. Ал, оның туған ағасы Мишель Лопес 2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындарында аса ауыр салмақта бокстан қола жүлдені еншілеген.
БІР ҮЙДІҢ ЕКІ ҚЫЗЫ – ЧЕМПИОН
Токио Олимпиадасында әйелдер күресінен бір үйдің екі қызы Олимпиада чемпионы атанып, алтын алқа тағынды. Олар әйелдер күресінде бақ сынады.
4 тамыз күні өткен финалдық кезеңде Юкака Каваи 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесіп, қырғызстандық Айсұлу Тыныбекованы 4:3 есебімен жеңген болатын.
Одан кейін Рисако Каваи 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша финалдық кезеңге өтіп, беларусиялық Ирина Курочкинамен белдесті. Есеп 5:0. Жапон қызы Рисако Каваи 2 дүркін Олимпиада чемпионы атанды.
Газеттің өткен санында Олимпиада тарихында алғаш рет бір үйдің балалары – Хифуми Абе мен Ута Абе дзюдодан бір күнде Олимпиаданың алтынын алғанын хабарлаған едік. Енді, олардың жетістігін өз отандастары жаңғыртты.
БІР ӨЗІНДЕ – 7 МЕДАЛЬ
Токио Олимпиадасында австралиялық спортшы Эмма Маккеон 7 бірдей жүлдені жеңіп алып, тарихи жетістікке қол жеткізді.
27 жастағы спортшы үшін биылғы Олимпиада ойындары табысты болды. Ол жүзу спорты түрінен сынға түсіп, 4 алтын және 3 қола жүлдені еншіледі. Осылайша, Эмма Маккеон Олимпиада тарихындағы ең табысты спортшылардың сапына енді. Бұған дейін бір Олимпиаданың төрт дүркін чемпионы, үш дүркін қола жүлдегері атанған ешкім жоқ.
ЕУРОПА 30 ЖЫЛДАН СОҢ ЖҮЛДЕЛІ БОЛДЫ
Жүгіру спортының жүлделері ямайкалық желаяқтардан артылмайды. Олардан АҚШ және Канада елдерінің спортшылары да қалыспайды. Спорттың бұл түрінің жүлдесін осы үш елдің өкілдері өзара бөліске салатыны дәстүрге айналып кеткендей еді. Ал, еуропалықтар мен азиялықтар жарыс жолына шыққанын ғана қанағат тұтатын.
Токиода бұл үрдіске нүкте қойылды. Италиялық Ламонт Джейкобс 100 метрге жүгіруден топ жарып, мәреге 9,8 секундта келді. Осылайша, еуропалықтар жүгіру спортынан 30 жылдан кейінгі алғашқы алтын медальді иеленді.
Әзірлеген Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.